Бас прокурордың мәлімдемесі: елімізде жыл сайын алты жүзден астам төтенше жағдай тіркеледі

Бас прокурордың мәлімдемесі: елімізде жыл сайын алты жүзден астам төтенше жағдай тіркеледі

Бас прокуратура алқасының отырысында бейінді министрліктер басшыларының қатысуымен ормандарды қорғау саласындағы заңдылықтың жай-күйі қаралды деп хабарлайды облыстық прокуратура өкілдері.

Отырысты ашқан Бас Прокурор Берік Асылов бұл мәселенің маңыздылығын атап өтті.

“Қазақстанда бүкіл аумақтың 4,7% – ы ғана ормандармен қамтылған. Табиғи өсімнің төмендігі аясында өрттер мен бақылаусыз ағаш кесу оның одан әрі қысқаруына әкеледі”, – деді Бас Прокурор.

Соңғы бес жыл ішінде жалпы ауданы 610 мың гектар орманда 3 мың орман өрті орын алып, 30 млрд теңгеге жуық шығын келтірілсе, ол жыл сайын 600-ден астам жағдай тіркелгенін көрсетеді.

Отырыс барысында Абай және Қостанай облыстарында болған ірі өрттерді тексеру және тергеу барысында заң органдарының анықтаған бірқатар түйінді мәселелері сөз болды.

Осыған байланысты төтенше жағдайларға әкеп соққан себептер мен жағдайларды жою мақсатында Бас прокуратура Үкіметке ұсыныс енгізді.

Жергілікті жерлердегі прокурорларға ведомстволардың жұмысын үйлестіру және осы санаттағы қылмыстық істер бойынша сапалы қадағалауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Талқылау қорытындысы бойынша уәкілетті органдар үшін бірқатар ұсынымдар әзірленді.

Атап айтқанда, экология және табиғи ресурстар министрлігіне өртті сөндіру алгоритмдері мен жарақтандыру нормативтерін регламенттейтін нормативтік актілерді қабылдау, техника сатып алу үшін қаражат іздеу, орманшылардың еңбегіне ақы төлеуді арттыру және әлеуметтік қорғау мәселелерін пысықтау ұсынылды.

Анықталған кемшіліктерді жүйелі шешу үшін 2024-2027 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленді.

Жаңалықтармен бөлісу