Астанада Қостанай облысының жәрмеңкесі өтеді

Астанада Қостанай облысының жәрмеңкесі өтеді

Республика өңірлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес     30 қыркүйек -1 қазан аралығында  Астана қаласында Қостанай облысының Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілетін болады.

Жәрмеңке ҚазҰӨУ алдындағы алаңда ұйымдастырылмақ (Тәуелсіздік даңғылы, 50).

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбеновтің айтуынша, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі екі күнге жалғаспақ. Оған облыстың 14 ауданы мен 3 қаласынан 50-ден астам кәсіпорын қатысқалы отыр.

“Барлық өнім Астана қаласының базар нарқында қалыптасқан орташа құннан 10-15% төмен бағада сатылады. Облыс кәсіпорындары 400 тонна көлемінде 100-ден астам өнім түрлерін сатуды жоспарлап отыр. Жыл сайын өткізілетін іс-шараға қатысқалы отырған серіктестіктерге алғыс білдіремін”, – деді Арман Тарғынұлы.

Атап айтқанда, жәрмеңкеге бұл жолы   51 тонна мал етінің барлық түрі, 35 тонна сүт өнімдері, 23 тонна шұжық өнімдері мен жартылай ет фабрикаттары жіберілгенін айта кетейік. Бұлармен қоса,  30 тонна жарма мен макарон өнімдері, 70 тонна картоп пен көкөніс,  50 тонна ұн да бар. Сондай-ақ нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер, сусындар мен  балдың түрлері сауда сөрелерінен орын алғалы отыр.

Ертеңгі жәрмеңкеде  «Милх» ЖШС, «ДЕП» ЖШС, «Баян Сұлу» АҚ, «Терра» ШҚ, «Садовод» ШҚ, «Брихачев» ШҚ, «Промбаза 7» ЖШС, «Торғай ет» ЖШС, «Аян-Озат» ЖШС, «Олжа Садчиковское» ЖШС, «Карагулина» ЖК өздерінің өнімдерін  ұсынады.

 

 

Жаңалықтармен бөлісу