1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай А.С. Пушкин атындағы кітапхана қызметкерлері «Барлық халық достасатын жер» атты фестиваль байкауын өткізді.
Екі тілде өткен фестиваль-байқауға Қостанай қаласының жалпы білім беретін М. Қозыбаев атындағы № 23 мектебі, Ә. Бокейханов атындағы мектеп, А. Бірімжанов атындағы мектеп, № 7 мектебі, С. Мәуленов атындағы гимназия, № 15 мектеп, № 32 мектебі қатысты.
Кітапханаға келген сайыскерлер назарына «Қазақстан бар ұлысқа шаңырақ» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Жас оқырмандар назарына ұсынылған әдебиеттер мен қатар, кітапхана жанашыры, тұрақты демеушісі «Барон Батон» ЖСШ басшысы Сарсенова Евгения Аблаевнаның атынан барлық кітапханаға келушілер ыстық бауырсақтан дәм татты.
Ел бірлігінің, достығы мен татулығын, ұлттар мен ұлыстар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты дәріптейтін байқау екі кезеңнен өтті.
Бірінші кезең шығармашылық өнер көрсетумен шектелсе, екінші «Шаңырақ-барабан» атты кезеңде қатысушылар білімдерімен сайысты. Аталмыш іс-шара негізінде жас оқырмандар жеребе бойынша таңдап алған ұлтының салт-дәстүрін, ұлттық киімін, өнерін, тағамдарын және бірлікке шақырған рухани қойылымдарын көрермен назарына ұсынды. Сахна – ән мен бидің, жылы сөз бен шынайы сезімдердің ордасына айналды.
Іс-шара соңында өнерімен, білімімен қатарынан оза шапқан топтар,байқау жеңімпаздары кітапхана тарапынан жүлделі 1 орын – А. Бірімжанов атындағы ЖББМ, 2 орын – А. Бөкейханов атындағы ЖББМ, 3 орын– М. Қозыбаев атындағы № 23 ЖББМ дәрежелі дипломдармен және қалған қатысушы ұжымдар алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар кітапхана жанашыры, фестиваль-байқаудың демеушісі болған Қостанай облысы белорус қауымдастығының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Евгений Владимирович Сотниковтың атынан барлық қатысушыларға сымсыз құлаққап пен тәтті сыйлықтар тарту етілді. Тақырыпқа сай өткен викторинаға қатысып көрермендер де тәттілерге ие болып, көтеріңкі көңіл күйде, ұйымдастырушыларға ыстық ықыластарын білдіріп тарқасты.