Бүгін QJ League жасөспірімдер футбол лигасының өкілдері Қостанайдағы “Жанұя“ балалар үйіне барып, тәрбиеленушілеріне көмек көрсетті. Бұған дейін лига қайырымдылық аукционын өткізген еді. Оның басты лотында Лионель Мессидің қолтаңбасы бар «Барселона» футболкасы ойнатылды. Қайырымдылық аукционынан түскен қаражатқа балалар үйіне кереуеттер, дивандар, электр плиталары мен компьютер сатып алынды.
«Жасөспірімдер лигасы ашылғалы бұл біздің жақсы дәстүрімізге айналып келеді. Былтыр Қарағанды жерінде өткізсек, биыл Қостанайда өткізуді ұйғардық», – дейді QJLeague жасөспірімдер футбол лигасы медиа бөлімінің жетекшісі Антон Лысяк.
Отбасылық типтегі ауылда барлығы 44 бала тұрады. Балалар үйінің директоры Айнаш Жақанова лига өкілдерінің қайырымдылық іс-шарасын өткізуге алдын ала хабардар еткенін айтады.
«Осыдан бір-екі ай бұрын бізге екі адам келді. Қайырымдылық акциясын өткізу үшін рұқсат сұрап, балалардан сұқбат алды. Түрлі бейнематериалдар жасады. Басында қалай болар екен деп күмәнданғаным рас. Содан қарашаның басында жақсы хабар естідік. Жастардың осы қамқорлығының арқасында ауылымыз айтарлықтай жақсарды», – дейді Айнаш Жақанова.
Лиганың қолға алған ісі мұнымен тоқтап қалмақ емес. “Жанұя“ тәрбиеленушілері үшін “Тобыл“ манежінде кешқұрым мастер-класс ұйымдастырылғалы жатыр. Оған лига Елшісі, Қазақстан құрамасының және “Тобыл“ ФК қорғаушысы Роман Асранқұлов, Қостанай клубының жас ойыншылары мен QJ League өткен маусымының футболшылары қатысады.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков