Қостанайдағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Басенованың мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта мобильді топтар 1 598 отбасыға барған. Баланың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төнгендіктен 152 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 13 бала қауіпті ортадан алынған. Ол балалар Белинский көшесіндегі уақытша орталыққа орналастырылды.
«Сот шешімімен ата-ана құқығынан айырған кезде баланың тағдыры шешіледі. Мемлекет тарапында қалып немесе тума-туыстары өздеріне жауапкершілік арқалап, алып кетуі мүмкін», – дейді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Оның айтуынша, Қостанайдың Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында және Жітіқара мен Рудный қалаларындағы Балаларды қолдау орталықтарында қиын өмірлік жағдайға тап болған 68 бала бар. Ал «Дельфин» сәбилер үйінің базасында 1,5 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға арналған 10 орындық топ ашылды. Қазір онда үш бала тәрбиеленіп жатыр.
Баланың пікірін есту де маңызды бағыттардың бірі. Сегіз ай ішінде 111 байланыс орталығына кәмелетке толмағандардан 841 қоңырау мен хабарлама түскен. Балалар үшін QR-кодтар, анонимді сервистер және «Досым» Telegram-боты да жұмыс істейді.
«Балалар үшін «ұсақ мәселе» деген ұғым жоқ. Мамандар буллинг пен кибербуллингтің, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға, сондай-ақ интернет-алаяқтықтан және цифрлық ортадағы өзге де қауіп-қатерлерден қорғауға ерекше назар аударып отыр. Білім беру ұйымдарында балалар мен ата-аналарға арналған түсіндіру жұмыстары, психологиялық тренингтер ұйымдастырылуда. Облыста кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі 21 комиссия жұмыс істейді. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің пікірінше, олардың жұмысы тек жағдайды қараумен шектелмеуі керек. Әрбір шешімнің нәтижесінде бала үшін нақты өзгеріс болуы тиіс. Әрбір шағым мұқият қаралуға тиіс», – деді Несібелі Бәсенова
Мамандар ата-аналарға балаларымен көбірек уақыт өткізіп, олардың көңіл-күйі мен мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударуға кеңес береді. Ал балаларға қиындық туындаған жағдайда тұйықталмай, ата-анасына, мұғаліміне, мектеп психологына немесе 111 байланыс орталығына жүгінуге шақырды.
