Балабақша бақыт мекені

Балабақша бақыт мекені

Балабақша-білім мен ортаға бейімделудің тірегі, бастамасы десек, ал тәрбиеші – сол балабақшаның жүрегі,  яғни, біздердің қолымызда  баланың тағдыры тұрады. Біздің мамандығымыздың  қыры да, сыры да сол– күн сайын көз алдымызда өсіп, дамып, келе жатқан жас ұрпақпен жұмыс істеу. Балабақша келер ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, елінің ар намысын қорғауға  және ізгі адамгершілік ниеттерге баулиды. Сондай балабақшалардың бірі – Қостанай ауданының, Тобыл қаласының  «Гүлдер» балабақшасы. Балабақша ұжымы келешек ұрпақтың тәрбиелі  болып өсуіне қызмет етуде. Атап айтсақ, балабақшада алты топ жұмыс істейді.  Балабақша ұжымының әрбір қызметкерлерінің міндеті-күнделікті тәрбиеленушілерге  бақыт сыйлау. Балабақшамыз «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу» бағдарламасы бойынша оқу-тәрбие жұмыстарын қазақ тілінде жүргізеді. Балабақшаның оқу-тәрбие жұмыстары еліміздің мемлекеттік жалпыға бірдей стандарты  бойынша жүргізіледі. Тәрбиеленудің және оқытудың  басты түрі ойын болып табылады, яғни бұл баланың шынайы қалпы. Бүлдіршіндерді би өнеріне баулимыз. Ұжымда тәжірибелі педагогтар бүлдіршіндердің танымын кеңейтіп, бірлікке, ынтымаққа, достыққа шақырып, білімдерін ән-бимен, өлеңмен, бейнелеу өнерімен ұштастыруда.

Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. Сондықтан, тәрбие мәселесіне көңіл бөліп, болашақ ұрпақты саналы тәрбиелеу үшін тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып, қарастыру әрбір ұжымның тапқырлығы мен іскерлігін, ізденімпаздығы мен шығармашылығын талап етеді.

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деген ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби ойын әрбір ұстаз, әрбір ата-ана өздеріне қағида ретінде ұстанса құба-құп болар еді. Ал балабақшадағы тәрбие ата-анадан берілген тәрбиені жалғастырып жандандырады.

Олардың туған жерін сүюге, өз елінің патриоты болып өсуіне барынша жағдай жасалған. Балабақша ұжымы облыс, қала көлемінде ұйымдастырылып отыратын байқаулардан қалыс қалған емес.

Бірнеше рет алхыс хат, мадақтау грамоталарымен марапатталып келеді.

Мағжан Жұмабаев атамыз өзінің ұлағатты бір сөзінде былай деген:

«Баланы тәрбиешінің өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайықтап дайындау керек».

Иә, Мағжан атамыз айтқан даналық ой бүгінгі күнгі білімді ұрпаққа қаратылып айтылғаны көрініп тұр. Өйткені елдің ертеңгі тірегі– балдырғандырымыз. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс.

Қазіргі таңда тәрбиешілер қауымына үлкен жауапкершілік  жүктеліп отыр. Бала тәрбиесі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі біреу, ол – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған.

Сондықтан алдымызға келген әрбір бүлдіршінге бақшадан бастап тәлім-тәрбие беріп ұлтжандылыққа тәрбиелейік. Балабақша бақыттың ең бірінші баспалдығы баланың болашағы.

 

                                                        Әсел Шалғымбаева,                    

                                                           Тобыл қаласындағы  «Гүлдер»  

                                                           балабақшасының тәрбиешісі.  

                                                           Қостанай ауданы

Жаңалықтармен бөлісу