27 июня, 2025
Бала – бал емес, ғалам

Бала – бал емес, ғалам

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күн – балалар үшін мереке, ал ересектер үшін ойланатын сәт. Себебі бала – жай ғана күлкі емес, болашақтың іргетасы, бүгінгі өмірдің айнасы.

Біз бала туралы жиі «ол кішкентай ғой» дейміз. Бірақ сол «кішкентай» жан — өзі бір тұтас ғалам. Оның көзіндегі шынайылық, сөзіндегі тазалық, армандарындағы шексіздік – ересектер ұмытып қалған нәрселер.

Бала – көңіліне қарай құлпыратын гүл. Егер оған қамқорлықпен, мейіріммен, махаббатпен қарасаң, жайқалып өседі. Ал елемей, ұрыспен, салқын қатынаспен тәрбиелесең, солып қалуы мүмкін.

Біз оларды үйретіп жатырмыз деп ойлаймыз. Бірақ, шын мәнінде, олар бізге өмірді қайтадан көруді, шын күлуді, шын сенуді үйретеді.

Балаға ең керегі – қымбат ойыншық емес, ата-анасының жылы құшағы. Көңіл бөлу. Қатар отырып әңгімелесу. Тыңдау. Жақсы көру. Себебі бала – тек сөзді емес, көзқарасты, дауыс үнін, көңіл-күйді қабылдайды.

Біз бүгін оларға бір күндік мереке сыйлаймыз. Ал ертең ше? Ертең оларға қандай әлем қалдырамыз?

– Қауіпсіз бе?

– Әділетті ме?

– Таза ма?

– Жағдайы жасалған ба?

Бала – келешек емес. Ол – бүгінгі тірі үмітіміз.

Оның болашағы бүгін қандай көзқараспен, қандай жүрекпен тәрбиеленіп жатқанына тікелей байланысты.

Балаларды қорғау заңмен шектелмейді. Ол – жүрекпен сезілетін жауапкершілік. Бала – қамқорлықты, махаббатты, әділдікті және шынайы қатынасты қажет етеді.

Ендеше, тек 1 маусымда емес, күн сайын баланың құқығы мен бақыты үшін әрекет етейік. Өйткені үлкен жүрек – кішкентай жүректі түсінгенде ғана шын үлкен болады.

Нұрдана Тағай

ҚӨУ студенті