Тасқынның өзі кетсе де артына көріксіз ізін, өкініш сызын қалдырды. Табиғи апаттың салдары «ұйық-батпағын» әлі біраз кештіретін тәрізді. Сондықтан қазір арқаны кеңге салар уақыт емес. Оңалдыру, қалыпқа келтіру, тұрмысты түзеу, шығынды түгендеу шаралары да асқан жауапкершілікті талап етеді. Қазір жер-жерде арнайы комиссия дамыл көрмей жұмыс істеп жатыр.
Мақсат – су ортасында қалған үй-жайдың жарамды-жарамсызын анықтау, шығын болған мал-мүліктің құнын санау, тұрғындарға тиесілі өтемақылар есебін шығару… Қостанай ауданындағы комиссия да табаннан таусылып, су аяғы қайтқан аймақтарда бағалау жұмыстарымен айналысып жүр.
«Қазір Мичурин және Алтынсары ауылдарында елуге жуық үй тұруға мүлдем жарамсыз деп танылып отыр. Тексеру жұмыстары әлі де жалғасып жатқандықтан, бұл цифр әлі өзгеруі мүмкін. Осы кезге дейін комиссия мүшелері 200-ден астам үйді аралап үлгерді. 130-дай үйдің нақты бағасы шығарылды. Сондай-ақ осы екі ауыл тұрғындары 100 АЕК (369 200 теңге) көлемінде бір реттік қаржылай көмекті толығымен алды», – дейді аудандық Экономика және қаржы бөлімінің басшысы І.Әмірбек.
Саяжай қоғамдарының көп бөлігінен әлі күнге дейін су толық қайтпаған. Сондықтан әзірге ондағы барлық үйді аралау мүмкін болмай отыр. Десе де комиссия өкілдері осы уачскелерге күн сайын барып, бағалау жұмыстарын жалғастырып жүр. Бүгін мамандар «Көктем» саяжай қоғамына қайтадан барып, ауласындағы суы құрғаған бірнеше үйге тексеріс жүргізді.
«Көктемде» 740 жер учаскесі бар. Мұндағы 620 үйді су басты. Бұлардың отызы ғана тұрақ тұрғындары бар, тіркеуге тұрғызылған үй. Бірінші кезекте соларды бағалау процесі жүріп жатыр. Сондай-ақ қазір эвакопунктте жатқан тұрғындардың үйлерін де күні кеше толық тексеріп шықтық. Жарамды деп танылған үй иелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтып, алдын ала тазартып, жууға кеңес бердік. Кейбіреулеріне кіре берулеріне болатыны да ескертілді. Жалпы, қаншасы жарамды, нешеуі жарамсыз екені әзірге толық анықталған жоқ», – дейді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әбішев.
Ал енді саяжайдағы үйлерін су басқан тұрғындарға бір реттік жәрдемақы төлене ме, жоқ па – ол жағы әзірге белгісіз болып отыр. Әкім орынбасары бұл тұрғыда үкіметтен үкім күтіп отырғандарын айтады. Республикадан қандай жауап келеді, сол нұсқаулық бойынша шара қабылданбақ.
Алтынсарин ауылының редакциямызға хабарласқан тұрғыны Әнуар Ентікбаевтың үй-жайына да арнайы барып, хал-жағдайын көзбен көріп қайттық. Садовый көшесіндегі 7-үйге кірген су төбесіне жетуге сәл қалған. Иелері бір апта бойы маңына жолай алмай жүріпті. Судың қайтқанына үш күндей ғана уақыт болған.
«2013 жылдан бері осы үйде тұрып келеміз. Бірақ мұншалықты су басады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмес еді. Мүгедектігі бар шалым және төрт балалы ұлым отбасымен осы төрт бөлмелі үйде тұрып келдік. Бұдан кейін мұнда қалай өмір сүрмекпіз? Қазір қабырғалары күмпиіп ісініп, жидіп құлап жатыр», – дейді отанасы Гүлбағыш апай.
Бағалау комиссиясы келіп, бұл кісілердің үйі 70 процент тұруға жарамды деген шешім шығарыпты. Бірақ Гүлбағыш апамыз бұған келіспейтінін айтып, қол қоюдан бас тартқан. Мамандар қайта айналып соғуға уәде берген соң үй иелері соларды күтіп отыр екен.
«Шеткі көше болғандықтан, бұл үйге бірнеше рет су кірген. Жарамсыз екені көзге көрініп тұр. Бір күні опырылып ортасына түспесіне кім кепіл? Көршілеріміздің халі де біздікіндей. Жалпы, осы көшедегі үйлерді түгел сүріп тастап, басқа жерден баспана салу керек. Бұдан өзге шешімін көріп тұрған жоқпын», – дейді Әнуар, бізге үй ішін аралатып көрсетіп жүріп.
Олар қайткен күнде де комиссия шешімі жапа шегушілердің пайдасына шешілер деген үмітте отыр.
Толығырақ – газеттің алдағы нөмірінде.
Суреттерді түсірген – Айбек Жүзбай