26 мая, 2025
Баға шарықтады: нені ескеру қажет?

Баға шарықтады: нені ескеру қажет?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың наурызында азық-түлік бағасы өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға өскен. Көкөніс, сүт өнімдері мен нан бағасы айтарлықтай қымбаттады. Осы тұрғыда қостанайлықтардың жаңа экономикалық жағдайға қалай бейімделіп жатқанын сұрап білдік.

Көпшілік азық-түліктен бастап, коммуналдық қызметтерге дейінгі бағаның шарықтағанын айтып отыр.

— Бұрын аптасына 30 мың теңгеге бәрін алып үлгеретінбіз. Қазір жетпейді. Бәрі біртіндеп қымбаттап жатыр, — дейді екі баланың анасы Айгүл Әбенова.

Алайда  қаржыны үнемдеудің түрлі жолдары бар. Мәселен, жаппай сатып алу, жеңілдіктерді бақылау және телеграм арналары арқылы арзан тауар іздеу қостанайлықтардың тиімді тәсіліне айналып отыр.

— Үйде жиі тамақ дайындайтын болдым. Дайын тамаққа тапсырыс бермеймін. Қоларбаммен Орталық базарға барып, бәрін сол жерден аламын — әрі арзан, әрі жаңа, — дейді колледж студенті Марина Сатыбалдиева.

Экономист Азамат Смағұлов бағаның бұлай өсуін ішкі және сыртқы факторлармен былайша  байланыстырады:

— Әлемдік инфляция, логистика мәселелері, валюта нарығындағы тұрақсыздық – мұның бәрі біздің өңірге де әсер етеді, – дейді ол.

Осы тұста қаржылық сауаттылықты арттыру өте маңызды қадам. Шығындарды есептеп, жоспар құрып, екі-үш айға жететін  қауіпсіздік жобасын қалыптастыру қажет.

Ауыл шаруашылығы өкілдері де биылғы көктемгі егіс науқанына үміт артып отыр. Жақсы өнім азық-түлік бағасының тұрақтануына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, мемлекет негізгі қажеттіліктерге арналған азық-түлікке субсидияларды ұзартуды және әлеуметтік көмек мөлшерін арттыруды жоспарлап отыр.

Бахыт Исимбаева,

ҚӨУ студенті