Бүгін бәйгеден Қазақстан чемпионатының бесінші кезеңінде Қостанайдың Ақтанауы екінші келді. Сөйтіп келесі іріктеу кезеңінің жолдамасын ұтып алды.
“Алдағы күзде бесінші халықаралық көшпенділер ойындары келе жатыр. Оған бәйге де қосылатын болды. Алда осындай үш іріктеу жарыс күтіп тұр. Осы жарыстардан іріктеліп алынатын аттар сол ойындарда бақ сынайды”, – деген еді республикалық “Бәйге” федерациясының Президенті Қанат Шоқанұлы Заречный ауылындағы Арғымақ ипподромында өткен бәйгеден Қазақстан чемпионатының ашылу салтанатында.
Осы тоқ бәйгеде Қостанайдың Ақтанауы он бес шақырымда сынға түскен. Соңғы екі айналымда жанына ат жақындатпаған жүйрікті мәреге жақындағанда астаналық Нарбудан басып озды.
Осы тоқ бәйгеде жарысты жүргізіп отырған жігіт Береке атты сәйгүліктің жүлдесіз қалмайтынын тап басып жорамалдаған.
“Ал, жиналған қауым, Берекені айтқанда түшкірдім. Осы бір арғымақ жүлделі болады-ау”, – деп қағыта салды.
Айтқаны айдай келіп, мәре сызығын біздің Ақ танаумен ілесе кесті. Одан кейін келген Қамбар қасқа мен Бұйрықтың да иелері сыйлықсыз қалған жоқ. Төртінші орынға бес жүз мың теңге, бесінші орынғв үш жүз мың теңге берілді. Үшінші орын иегері сегіз жүз мың теңге, екінші орын иегері бір миллион теңге алды. Тоқ бәйгенің жеңімпазы төрт миллион теңгемен марапатталды. Құнан бәйгеде Азия атты арғымақтың шабысы өзгелерінен ерекше еді. Алайда бабы келіскенімен, бағы жанбады дегеніміз дұрыстау болар. Соңғы айналымда Ақтөбенің Ақжолын басып озып алға ұмтылған жүйріктің шабандозы жоқ жерден ауып кетті. Жарысты сол жерден аяқтап, артында келе жатқан Жүзген мен Ақжолға орнын босатты. Асланбек Әбдіқал тізгіндеген Қасқалдақ мәре сызығын үшінші болып кесті. Оған жеті жүз мың теңге берілді. Төртінші орын алған Ботайдың иесі 300 мың теңге, Диана д 200 мың теңгені иеленді. Ақжолдың иесіне бір миллион теңге, Жүзгеннің иесіне екі жарым милион теңге табысталды. Ал Аламанда Астананың атынан шыққан Дантист сәйгүлігі топ жарды.
Оны тізгендеген Саян қара жүйріктің басын тартқан жоқ. Үшінші айналымнан алға түсіп алып қарсыластарынан үш шақырымдай ұзап кеткен.
“Алға түсіп алғанда зәрем ұшты. Себебі талай бәйгеде айласын асырған Семсерден қауіптендім. Бойында араб жылқысының қаны бар Волчоктың шаршағанын сездім. Соңғы айналымға жақындап, Атилла екеуі басқаларынан қара үзе бастағанда қуандым”, – дейді Саяның бапкері Ержан Жаңатар.
Саян мен Ержан Орал қаласының тумалары. Дантист атты арғымақты елордада дайындап, Астананың атынан қатысып отырған жайы бар. Ержан Жаңатар өзі дәрігер болып істейді. Ат жарату үйреншікті кәсібі. Бұған дейін Қырғыз елінде осы жүйрік он сегіз шақырымды бағындырған. Осы жолы алманда алғашқы үздік нәтиже көрсетіп отыр. Осылайша, бес миллион теңгені олжалады.
Атилла екінші (бір миллион теңге), Семсер үшінші (екі миллион теңге) келді. Төлеген Асылжан мінген Волчок мәре сызығын төртінші кесіп, жеті жүз мың теңге иеленді. Бесінші жеткен Жирен қасқаның иесіне төрт жүз мың теңге тарту етілді.
Айбек ЖҮЗБАЙ