Арқалықта «Бабалар аманты» ХІІІ республикалық байқауы өте жоғары деңгейде өтті.
Байқауға Арқалық қаласымен қатар көршілес Аманкелді, Жанкелдин аудандарынан және Ақмола облысының Жарқайың ауданынан ұзын саны 750-дей үміткер қатысты.
Белгілі өнер тарландары қазылық жасаған байқауда қатысушылар «Аспапта орындау», «Эстрадалық вокал», «Дәстүрлі ән», «Театр әлемі», «Көркемсөз», «Хореография», «Бейнелеу өнері», «Қолөнер» тәрізді аталымдардан сынға түсті.
«Балалар шығармашылығын бағалайтын бұл байқаудың маңызы зор. Сонау Талдықорған қаласынан ат терлетіп келіп жатырмыз. Өткен жылы да осы жерде жас буынның өнерін бағалап, Дубайға жолдама берген болатынбыз. Биылғы жолдамамызды Тәшкентке беріп жатырмыз. Балалар бауырлас елде өтетін үлкен мәдени іс-шарада өнерлерін көрсетіп, саяхаттап келетін болады», — дейді қазылар алқасының төрағасы,«Ре соль» шығармашылық орталығының директоры Ботакөз Дүнгенбаева.
Байқау қорытындысында қатысушылар медальмен, грамотамен марапатталды. Үздік өнер ұжымдарына кубок пен жолдама табысталды. Сондай-ақ үздік шәкірт тәрбиелеген ұстаздарға ақшалай сыйлықтар берілді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ,
Суреттерді түсірген – автор