Азаматтық қоғамның жандануына үлес қосатын бірден-бір құрылым – үкіметтік емес ұйымдар. Біздің елімізде олар 2000 жылдардан бері қарай қалыптаса бастады. Бүгінде әр облыстарда белсенді ҮЕҰ-дар шоғыры қалыптасып, маңызды оқиғаларда төбе көрсетіп жүр.
Азаматтық қоғамды дамытуға үкімет тарапынан да қолдау шаралары жүргізілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылы “Еріктілер жылы” деп жарияланып, атап өтілді. Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларын жүзеге асыру үшін жыл сайын мемлекеттік гранттар беріледі. Қолдау бар, ал нәтижесі қандай? Қостанай облысындағы ҮЕҰ-дың белсенділігіне көңіл тола ма? Осы және өзге де сауалдарымызды “ГрИн” Қостанай облысының Азаматтық Альянсы” ҚҚ төрайымының орынбасары Болат Қалиевке жолдаған едік.
– Болат мырза, облысымыздағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына шолу жасап кетсеңіз. Олардың белсенділігіне көңіліңіз тола ма?
– Қостанай облысының “ГрИн” Азаматтық Альянсы” ресурстық орталығы 2008 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін көптеген маңызды, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда. Біз орталықтың ісі алға басуы үшін өз үлесімізді қосып жатырмыз. Облыс көлемінде мыңға жуық үкіметтік емес ұйым болса, оның ішінде шағын қоғамдық бірлестіктер мен жастар ұйымдары, қоғамдық қорлар бар. Белсенді түрде жұмыс істеп келе жатқан екі жүзге тарта ұйымды атауға болады. Әрқайсының бағыттары әртүрлі.
“ГрИн” ресурстық орталығы – облыс аумағында жаңадан құрылған немесе белгілі бір өзгерістерге ұшыраған, әрі қарай дамып жатқан ұйымдарға заңнама тұрғысынан дұрыс ақпарат, кеңес беру мақсатында құрылған. Осы мақсатта оқыту-түсіндіру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп отырады. Облысымыздың әр өңірінде ҮЕҰ-дармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқан лекторлар, спикерлер аз емес. Түрлі тақырыпта, жоспарлы түрде іс-шаралар, азаматтық қоғамның белсенділерімен кездесулер өтеді.
Үкіметтік емес сектордың қоғамдағы ролі жыл сайын артуда. Олар бүгінде әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім сияқты барлық маңызды салаларда қызметтер ұсынады. Мемлекет елдегі Үкіметтік емес секторды қолдауға барынша күш салып келеді. Ендігісі азаматтық қоғам институттары белсенділік танытып, артылған жүкті жауапкершілікпен атқаруы тиіс. Облысымыздағы үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер өздерінің бағыттары бойынша жұмыс істеуде. Олардың белсенділігі әртүрлі. Бірі алдыңғы қатардан көрінсе, кейбірі жаңашылдықтарды қабылдап, игеру жағынан кемшін қалып жатады. Біздің “ГрИн” ресурстық орталығының мақсаты жаңадан құрылып жатқан Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына заңнама тұрғысынан кеңес беру. Жалпы біздің орталыққа келген барлық бірлестіктерге тиісті қолдаулар жасалады.
– ҮЕҰ-дар тарапынан қандай сауалдар туындап жатады?
– Жаңадан құрылған ұйымдармен қатар бұрыннан келе жатқан ұйымдар да заңды-құқықтық тұрғыдан сауалдар қояды. Себебі, еліміздегі заңнама жыл сайын өзгеріп отырады. Салық бағытында, мемлекеттік тапсырыс порталында да жылда өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отырады. Соның бәрін ресурстық орталықтың мамандары түсіндіреді. Былтыр біз ауылдардағы ҮЕҰ-ға ерекше көңіл бөлдік. Ол жақта мықты идеясы бар жастар да көп. Сондықтан, шалғай ауылдардағы белсенді жастардың идеясына қолдау білдіру маңызды.
Ауылдағы ҮЕҰ-дар құжаттама бағытындағы өзгерістер мен жаңалықтарға үлгермей жатады. Осы тұрғыдан дұрыс түсіндірме беру, салық бағытындағы жаңашылдықтар туралы түсіндіру жұмыстары жиі жүргізіледі.
– Ресурстық орталықтың ұйымдастыратын дәстүрлі іс-шаралары бар шығар.
– Әрине, біздің орталық жыл сайын тың идеялар жәрмеңкесін өткізеді. Іс-шараның мақсаты тасада қалған жобаларды іске асыруға серпін беру. Жаңа идеялар, стартап жобалардан басқа арнайы сыйақы, шағын гранттар бөлініп жатады. Ұйымдар арасында “ТОП-10” деген жобамыз бар. Жыл бойы белсенді еңбек етіп, ауқымды іс-шаралар өткізген ұйымдардың арасынан ең үздік облыстың 10 ұйымын анықтау мақсатында қолға алынған болатын. Мұндай қолдаулар қоғамдық бірлестіктердің жұмысына шабыт сыйлайды деген ойдамын.
– Еріктілер қызметі туралы бірер сөз.
– Аз уақыт ішінде танымдық тұрғысынан біздің ресурстық орталық волонтерлердің орталығы болып қалыптасты. Әсіресе, қоғамда коронавирус инфекциясы таралған кезде еріктілердің ұйымшылдығы байқалды. Әлем халқын алаңдатқан оқиға біздің елімізге де өз әсерін тигізді. Сол бір қиын сәтте
қостанайлық еріктілер ортақ іске жұмыла кірісті. Аса қажетті саналған оттегі баллондары, дәрі-дәрмек, азық-түлік сияқты тауарларды үйлерге жеткізу бағытында көптеген іс-шаралар жасалды. Одан кейін Әулиекөл орманы өртенгенде біздің еріктілер алдыңғы шептен табылды. Өрт сөнген соң көгалдандыру жұмыстарына да үлес қосты. Жуырда Түркияға көмек көрсету бағытында гуманитарлық көмек жинау жұмыстарын тиянақтылықпен атқарды. Еріктілер түрлі бағыт бойынша біздің орталықта топтасқан. Қайырымдылық бағытында, іздеу отрядтары, эко бағыттағы еріктілер тағы басқа.
Алдағы уақытта еріктілердің жұмысы одан әрі жеделдей түседі деген ойдамын.