Бұған дейін Аманкелді ауданы Тасты ауылында қазіргі заман талабына сай спорт алаңдары болмаған. Бұл нысан ауыл азаматы Бірнар Саматовтың қолдауымен пайдалануға беріліп отыр. Ол «Табыс» ЖШС директоры.
“Тұрғындарды ерекше қуанышқа бөлеген спорт алаңының аумағы 700 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарына бас-аяғы 22 000 000 теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Енді бұл алаңда ауылдың үлкен-кішісі спортпен айналыса алады”, – деді аудан әкімі Талғат Карбозов.
Аудан басшысы Бірнар Әділұлына Алғыс хат табыс етті, Әділ Қабдрашұлымен нысанның лентасын қиды, Ақсақалға Амангелді Имановтың 150 жылдық мерейтойлық медалін табыс етті.
Игі бастамаға ризашылығын білдірген ауыл қарияларының ақ батасымен 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды.