«Ауылдағы ветеринарлардың жалақысы аз»

«Ауылдағы ветеринарлардың жалақысы аз»

Бұл мәселені Меңдіқара ауданының ветеринарлары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаевпен өткен кездесу барысында көтерді. Халық қалаулысы Қостанай облысына жасаған жұмыс сапары аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысып, сала мамандарымен жүздесті. Кездесу барысында ветеринар мамандар ең алдымен еңбекақының төмендігіне тоқталды.

Олардың айтуынша, ауылдық жерде ірі қара мал саны азайып келеді, ал ветеринарлардың жалақысы атқарылған нақты жұмыстарға салынған вакцина мен алынған қан талдауларына байланысты есептеледі.

– Біздің басты мәселеміз – жалақының аздығы. Ауылда ірі қара мал аз. Қанша вакцина жасап, қанша қан алсақ, соған қарай ғана ақы аламыз. Өз бетімізбен қосымша табыс табуға мүмкіндік жоқ. Ауданда сүт фермалары ашылып жатқанымен, ол жерге әкелінген мал өз вакцинасымен келеді, біз оларды тексере алмаймыз. Соның салдарынан бізге төленетін қаражат та азайып отыр, – дейді Меңдіқара ауданының ветеринариялық станциясының басшысы Самат Дүйсенбайұлы.

Сонымен қатар, мамандар ветеринариялық станция орналасқан ғимараттың ескіргенін де мәселе ретінде көтерді. Ғимараттың көлемі үлкен болғанымен, оны күтіп-ұстау айтарлықтай шығынды талап етеді. Жыл сайын 30–40 тонна көмір жағылып, коммуналдық төлемдер төленеді. Ал бұл шығындар мекеме үшін тиімсіз.

Аудан бойынша 40-тан астам ветеринар қызмет атқарады. Мамандардың айтуынша, биылдан бастап ветеринарлардың жалақысы өседі деген ақпарат айтылғанымен, әзірге ол тек уәде күйінде қалып отыр.

Жалпы, меңдіқаралық ветеринарлардың депутат алдында көтерген мәселелері аз болған жоқ. Анас Баққожаев сала мамандарының барлық шағым-ұсынысын мұқият тыңдап, көтерілген түйткілдерді өз бақылауына алатынын айтты. Депутаттың айтуынша, жұмыс сапарының басты мақсаты – өңірдегі өзекті мәселелерді көзбен көріп, халықпен және сала өкілдерімен тікелей пікір алмасу, нақты ұсыныстарды заңнамалық деңгейде көтеру.

Іссапар барысында халық қалаулысы Меңдіқара ауданының әкімі Ғабит Бекбаевпен кездесті. Кездесу кезінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жетілдіру, жол сапасы, ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй мәселелері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы ахуал, кадрмен қамту, материалдық-техникалық базаны нығайту мәселелері және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы мен олардың тиімділігі талқыланды.

Сапар аясында Анас Баққожаев «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ-нің Меңдіқара аудандық филиалының ұжымымен де кездесті. Кездесу барысында орталықтың негізгі қызмет бағыттары, өсімдіктер карантині мен фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі, атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Депутат партияның сайлауалды бағдарламасы, оның аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бастамалар жөнінде кеңінен ақпарат берді. Кездесу соңында партия қатарына жаңадан қабылданған азаматтарға партиялық билеттер салтанатты түрде табысталып, ұжым мүшелеріне алдағы жұмыстарында табыс тілегі айтылды.

Сонымен қатар Кәмшат Дөненбаева атындағы кәсіптік-техникалық колледж ұжымымен де кездесті. Колледждің оқу-өндірістік және техникалық базасымен танысқан депутат жұмысшы мамандықтарды даярлаудың маңыздылығына, жастарды еңбекке баулу мен кәсіби білімнің сапасын арттыру мәселелеріне тоқталды. Ұжым қызметкерлері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Сондай-ақ іссапар аясында депутат Боровской балалар өнер мектебінің оқытушылық құрамымен кездесіп, мекеменің материалдық-техникалық жағдайымен, көпжылдық тарихымен танысты. Өнер мен шығармашылықты дамыту, жас өрендердің қабілетін ашу бағытындағы жұмыстарға оң баға берілді.

Жұмыс сапары барысында Анас Баққожаев Меңдіқара ауданының тұрғындарымен кездесіп, ауыл шаруашылығын дамыту, жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау, жерді тиімді пайдалану, субсидиялар мен мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімділігіне қатысты көтерілген мәселелерді тыңдады. Депутат тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, қойылған сұрақтарға нақты жауап берді.

Жұмыс сапарының қорытындысында халық қалаулысы көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстардың назарға алынатынын, оларды заңнамалық және бағдарламалық деңгейде шешу үшін тиісті құзырлы органдарға жеткізіліп, бақылауда болатынын атап өтті.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Меңдіқара ауданы