Ауыл тұрғындарына жаңа қызмет

Ауыл тұрғындарына жаңа қызмет

Науырзым ауданында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған азаматтар қатары артып келеді. Соның бірі – Қараменді ауылының тұрғыны Асылбек Жауғашаров. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндігін тиімді пайдаланып, ауыл тұрғындарына арналған «Таза кілем» кілем жуу және химиялық тазалау қызметін іске қосты.

Кәсіпкер биыл бағдарлама аясында 4,7 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, қажетті заманауи жабдықтарды сатып алған. Атап айтқанда, жоба қаражатына құны 2,8 миллион теңге болатын жоғары өнімді центрифуга және 1,8 миллион теңге тұратын ауа кептіргіш құрылғысы алынған. Ал роторлы жуу машинасы кәсіпкердің өз қаражаты есебінен сатып алыныпты.

Жаңа кәсіпорынның ашылуы ауыл тұрғындары үшін үлкен қолайлылық туғызды. Бұрын мұндай қызметті пайдалану үшін аудан орталығына немесе өзге елді мекендерге жүгінуге тура келсе, бүгінде қажетті қызметті өз ауылынан-ақ алуға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта «Таза кілем» цехы тұрақты жұмыс істеп, халыққа сапалы қызмет көрсетуде.

Кәсіпорын заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда тәулігіне орта есеппен 10-15 кілем жуылып, химиялық тазалаудан өткізіледі. Қызмет сапасы мен қолжетімді бағасының арқасында тұрғындар тарапынан сұраныс күннен-күнге артып келеді. Кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Науырзым ауданы