«Шынықсаң шымыр боласың» дейді халқымыз. Бұл сөздің астында денсаулыққа деген қамқорлық жатыр. Денесі шыныққан ел – қай уақытта да бір қадамы жеңіске жақын , қуаты мен қайраты бойына сіңген қоғам – болашаққа сеніммен қадам басады.
Қостанай облысында дене шынықтыру және спорт саласында 678 жаттықтырушы жұмыс істейді, оның ішінде 164-і ауылдық жерлерде. Ауылдық жердегі жаттықтырушылардың барлығының кәсіби білімі бар. Сондай-ақ, ауылдарда 183 әдіскер және 266 спорт нұсқаушысы еңбек етуде, олар барлық ауылдық округтерді қамтиды. Соңғы жылдары ауылдық жерлердегі 8 ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді, 5 ауданда құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Ауылдық жерлерде бұқаралық спортпен айналысатындар саны 136 мыңнан асты, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6 мың адам көп.
Облыс бойынша 1389 спорт нысаны бар, оның ішінде стадиондар – 25, спорт сарайлары – 3, спорт ғимараттары кешендері – 11, спорт кешендері – 56, Шаңғы базалары – 36, хоккей корттары – 77, тирлер – 38, атыс алаңдары – 2, жүзу бассейндері – 17, жазықтық құрылыстар – 1090. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің балансындағы құрылыстардың жалпы санынан 58 спорт нысаны, оның ішінде 4 стадион (Науырзым, Меңдіқара, Жангелдин және Амангелді аудандары) 14 спорт кешені (Алтынсарин, Әулиекөл, Б.Майлин, Қамысты, Қарабалық, Ұзынкөл, Федоров аудандары, Қостанай, Лисаков қалаларында), 1 футбол манежі, 5 шаңғы базасы (Сарыкөл, Б.Майлин аудандары, Қостанай қаласы), 2 спорт сарайы, 1 ипподром, 3 бассейн (Амангелді ауданы мен Қостанай қаласында), 9 теннис корты Қостанай қаласында бар.
«Спорт мектептеріне 18 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер барады, осыған байланысты спорт объектілері тек оқу-жаттығу жұмысы үшін ғана емес, облыстық және аудандық жарыстар өткізу үшін де қарқынды пайдаланылады. Нысандардың жұмыс қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын жазғы кезеңде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар өткен жылдың желтоқсан айында «Қостанай» спорттық – ойын-сауық кешенінде ауылдық жерлердегі ұлдар мен қыздар арасында ауылдық спортты қолдауға арналған «Auyl Sport – 2024» өңірлік лигисын ұйымдастырдық», – деді спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Мейірім.
Жастар арасында зиянды әдеттердің таралуы, интернетке тәуелділік, бос мақсатсыз жүру секілді проблемалар көбейіп кетті. Мұның себебі – бос уақытты дұрыс ұйымдастыра алмау. Ауыл баласы үшін тіпті таңдау да жоқ: не көше, не телефон. Ал спорт – осы екі жолдан мүлде бөлек бағыт.
Спортпен айналысқан бала уақытын бағалауды, тәртіпке бағынуды, мақсат қоюды үйренеді. Ең бастысы – өз-өзіне сенуді үйренеді. Бұл әдеттер тек спорттық мансапта ғана емес, өмірдің кез келген саласында қажет. Спорт интернаттары мен дарынды балаларға арналған мектепке түсу – спортта жоғары жетістікке жетудің бір жолы. Ал ауылда бұл дайындықты беретін мүмкіндік жеткіліксіз болып тұр. Сондықтан ауылдық жерлердегі спортты дамыту – жастардың болашағына салынған қорған.
Айта кетейік, ЖСДП Қостанай облыстық филиалы Ауылдық спортты жүйелі түрде қолдап келеді. Партияның бастамасымен Қарабалық ауданыңда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген турнир – ауыл спортының дамуына серпін берген іс-шаралардың бірі. Ауылдық спортқа деген қолдау тек шаралар ұйымдастырумен шектелмейді. Бұл ауылға деген қамқорлықтын көрінісі. Өйткені шалғай ауылдарда спорттық инфрақұрлым мен мүмкідіктер әлі де жеткіліксіз екенің байқауға болады. Жобалар қолға алынғанымен, олар толыққанды нәтиже беруі үшін ауылға кәсіби жаттықтырушылар керек. Жағдай жасалған жерде маман болуы тиіс. Мықты бапкерсіз жақсы спортшы шықпайды. Мұндай шаралар жасөспірімдердің бойындағы рухты оятып, олардың өз қаблеттерін көрсетуге мүмкіндік болады.
Гульжихан Ермуханова,
Гульдирайхан Ермуханова,
ҚӨУ-нің 4 курс студенттері