Қараша айының үшінші жексенбісі ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні. Атаулы күнді “Ауыл” ХДПП-сы ешқашан елеусіз қалдырған емес. Партияның өңірлік филиалы күні кеше бірнеше зейнеткердің үйіне арнайы барып, сый-сияпат жасады.
– Қазақтың түп тамыры ауылмен байланысты. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен ардагерлерді ұмытпауымыз қажет. Соған орай “Ауыл” партиясы атынан үш еңбек ардагерін арнайы құттықтадық. Олардың қал-жағдайын біліп, әзірлеген сыйлығымызды табыс еттік, – дейді облыстық “Ауыл” ХДПП өңірлік филиалының төрайымы Ғайния Есеева.
Облысымыз бойынша ауыл шаруашылығында жұмыс істеген ата буынның қарасы қалың. Соның бірі арнайы сыйлық иегері болған Айтмағамбет Ертайұлы. Ол ауыл шаруашылығы саласында 40 жылға жуық жұмыс істеген.
– Ең әуелі Жаратқанға шүкір дейміз. Бейбіт, мамыражай елде тұрып жатырмыз. Холхоз кезінен бастап еңбек тартылып, бала жастан жұмыс істедік. Өгіз де жегіп, кейін әскерден келгесін шопыр, одан механик боп та қызмет еттім. Оның бәрі өткен күннің еншісінде қалды. Бүгін заман басқа. Қазір бәрі де жеңілдетілген. Біз көрген қиындықты ұрпақ көрмесе екендейміз. “Бейнеттің зейнеті” дейді ғой қазақ. Міне, осылай біздің еңбегімізді елеп келгендеріне, “Ауыл” партиясына, Ғайния қызыма шын жүректен алғыс айтамын, – дейді 87 жастағы Айтмағамбет атай.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ