23 июня, 2025
Аула клубтары – бос уақытты тиімді өткізудің кепілі

Аула клубтары – бос уақытты тиімді өткізудің кепілі

Облыста 108 338 бала қосымша білім берумен қамтылған. Оның ішінде 3700 мектеп үйірмелері мен секцияларға 72 мыңнан астам бала барып жүр. «AMANAT» партиясының ҚОФ жанындағы өңірлік кеңестің кезекті отырысында облыстың қала мен ауылдық елді мекендеріндегі мектептер жанындағы аула клубтарының жұмысын ұйымдастыру мәселесі қаралды.

            «Білім беру саласында тек төрт қалада 37 аула клубы жұмыс істейді. Онда 9 мыңға жуық бала қамтылған. Сабақтар тегін, мемлекеттік және орыс тілдерінде өткізіледі, аула клубтарының тәрбиеленушілері 6-18 жас аралығындағы балалар. Айта кету керек, балалар аула клубы – бұл балалардың бос уақытын қамтамасыз етуге және жасөспірімдер мен жастардың шығармашылық бастамаларын қолдауға бағытталған қосымша білім беру ұйымы. Негізгі міндет – балалардың тұрғылықты жері бойынша белсенді эмоционалды демалысын қамтамасыз ету, минималды материалдық шығындармен мазмұнды бос уақытты ұйымдастыру, оларды қараусыздықтан, панасыздықтан, құқық бұзушылықтардан қорғау. Білім алушылар қызығушылықтары бойынша үйірмелерге, секцияларға және бірлестіктерге бару, сондай-ақ ұжымдық шығармашылық істерге қатысу арқылы шығармашылық әлеуетті іске асыра алады», – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова.

 

Аула клубтарындағы жұмыс алты бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар сәндік-қолданбалы, көркемдік-эстетикалық, экологиялық-биологиялық, спорттық-сауықтыру, туристік-өлкетану, әскери-патриоттық. Олардың әрқайсысы баланың дамуында маңызды рөл атқарады, жеке таланттарды, бейімділіктерді, қабілеттерді анықтауға және ашуға көмектеседі. Әр клубтың өз жұмыс бағдарламасы, соның ішінде балалардың жазғы демалысы жүзеге асырылады.

            «37 аула клубында 100-ден астам педагог жұмыс істейді. Қосымша білім беру мұғалімдері балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын ұйымдастыруға креативті және заманауи көзқарас танытады. Бағдарламаларды қалыптастыру кезінде жұмыстың классикалық және инновациялық формалары қолданылады: топтық жобалар, білім беру квесттері, онлайн және офлайн іс-шараларды біріктіру, әртүрлі ұйымдармен серіктестік. Бағдарламаларды заманауи балалар үшін барынша тартымды және тиімді ететін заманауи әдістер мен технологиялар қолданылады. Аула клубтарының педагог-ұйымдастырушылары мектептердің, учаскелік шағын аудандардың әлеуметтік педагогтары мен психологтарымен тұрақты байланыста болады», – деді Данагүл Сүйіндікова.

Кеңес соңында Аула клубтарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және жастардың қатысуын арттыру мақсатында олардың базасында жүйелі іс-шаралар жүйесін әзірлеуді бастау керектігі айтылды.  Ата-аналар мен жастарға қолжетімді мүмкіндіктер туралы ақпарат беру, клубтардың танымалдылығын арттыру қажет.  Қатысуға ынталандыру үшін аула клубтарының жұмысын әлеуметтік желілерде, мектептердің және білім басқармасының сайттарында кеңінен ақпараттандыруды қамтамасыз ету керек. Кеңес хатшылығымен бірлесіп жұмыс істеп тұрған аула клубтарына бару-сапарлары ұйымдастырылады. облыстық білім басқармасына осы ұсыныстарды назарға алу ұсынылды.

Сералы МЫРЗАБАЙ