Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қылмыстық қауіп-қатердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы азаматтарды әлемде қарқын алып жатқан жаңа киберқауіп туралы ескертеді.
Шетелдік дереккөздерге сәйкес («Department of Motor Vehicles» (АҚШ), қаскүнемдер Жол қозғалысы ережелері бұзылғаны туралы жалған қаулыларды жаппай жіберіп жатыр. Хаттар мен хабарламалар электрондық пошта мен мессенджерлерге түседі және жүргізуші, көлік нөмірі туралы деректерді және «айыппұл төлеу» амалын көрсететін сілтемені қамтиды.
Шын мәнінде, бұл – фишингтік шабуыл. Банк картасының деректерін енгізген кезде сіздің шотыңызға толық қол жеткізіледі және барлық қаражат ұрлануы мүмкін. Жекелеген жағдайларда сілтемеде құрылғыдан жеке деректерді ұрлауға арналған вирус қолданылады.
Бүгінде шабуылдар Ресей мен АҚШ-та тіркелген, сондықтан мұндай схеманың Қазақстанда таралу қаупі бар.
Әкімшілік айыппұл салу туралы ресми хабарламалар тек 1414 қысқа нөмірінен келіп түседі және төлем сілтемелері болмайды. Салынған айыппұлдар туралы ақпарат egov.kz арқылы банктердің мобильді қосымшаларына да берілетінін естеріңізге саламыз.
Егер сіз 1414 нөмірінен айыппұл туралы хабарлама алсаңыз және онда төлем сілтемесі болса, оны ашпаңыз! Бұл – алдау! Мұндай хабарламаларды алаяқтар жібереді!
Есте сақтаңыз:
— сілтемелерді және күмән тудыратын хаттардың тіркемелерін ашпаңыз;
— айыппұлдар туралы ақпаратты тек egov.kz, qamqor.gov.kz ресми ресурстарында және банктердің мобильді қосымшаларында қайта тексеріңіз.
Егер сіз сілтемеге өтіп, деректерді енгізген болсаңыз:
— банк картасын шұғыл бұғаттаңыз;
— ықтимал алаяқтық фактісі туралы банкке және полицияға 102 телефоны арқылы хабарлаңыз;
— құрылғыны вирустың бар-жоғына тексеріңіз.
Сақ болыңыз. Жақындарыңызға ескертіңіз. Алаяқтардың арам пиғылын іске асыруына мүмкіндік бермеңіз!
