Атамды мақтан тұтамын!

Атамды мақтан тұтамын!

Менің ұлы нағашы атам Зейнел Ғабиден Жұрмағамбетұлы 1905 жылы 5 қаңтарда Қызбел ауылында дүниеге келген. Нағашы әжем атам жайлы ерлік істерін айтып, көп әңгімелейтін. Қызбел ауылында балық аулап, тұрмысы төмен жандарға көмектескенді ұнатады екен. Аулаған балықты бірде ас қылып, қалғанын сатып, киім-кешек, тағамдарға айырбастап, отбасын асырап, күнелтіпті.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда атам соғысқа аттанған. 1944 жылы Белоруссияда кезекті шабуылда жүріп, жарақаттанады. Соғыста жүргенде Кенигсберг жерінде аяғына оқ тигізіп, елге оралады. «Кенигсбергті алғаны үшін», «Жауынгерлік қызметі үшін» «Ерлігі үшін» деген медальдармен марапатталады.

Елге оралған соң ауыл бригадирі болып, ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға көмектеседі. Бір күні атам балық аулап жүріп, соғыстан қашқан кісіні байқап, үйіне қондырады. Ауыл адамдары да атама келіп: «Ол соғысқа барғысы келмей, қашып жүрген адам» деп айтады. Сонда атам оған: «Сенде екі-ақ амал бар, не Сібірге барасың немесе соғысқа аттанасың. Соғысқа барсаң, батыр болып келесің, Сібірге барсаң, өлесің» деп ақыл айтады. Содан әлгі кісі атамның айтқанын тыңдап, соғысқа кеткен екен. Кейін ол соғыста батыр атағын алып, елге абыроймен оралады.

Атам соғыс ардагері Қызылбай Нұрғазинмен бірге Торғай облысының «Бестау-Шилі» ауылында еңбек етті. Бүкіл аудан, өңір тұрғындары Зейнел атамды құрмет тұтыпты.

Нағашы әжем: «Әкем кітап оқығанды жаны сүйетін. Әкеміз бізді шыншылдық пен тазалыққа үйретті»,- деп есіне алады. Кейде қаруластарын, елін, жерін сағына отырып, «Елім-ай», «Три танкиста» және «Катюша» өлеңдерін әндетеді екен.

Нағашы атам көрсеткен ерліктері үшін бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, Ұлы Жеңістің 30 жылдық медалімен марапатталған. Әжеміз екеуі өзінен тараған жеті балаға өнегелі тәрбие беріп өсірді.

Ардагер атамыз 1973 жылдың 13 мамырында дүниеден өтті.

Әрдайым осы Жеңіс күнін есіме алған сайын осындай батырдың ұрпағы болғанымды мақтан тұтамын.

Айдана КІНДІКБАЙ,

Қостанай қаласы №28 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы

Жаңалықтармен бөлісу