Атам менің – ержүрек майдангерім

Атам менің – ержүрек майдангерім

Соғыс — кімнің де болсын жүрегіне жара салған, ананы баласынан, аяулы жарды күйеуінен, баланы әкесінен айырған сұм ажалдың нақ өзі. Қазір бейбіт өмірді сүріп, тәуелсіз елде ғұмыр жатқанымыз – 1941-1945 жылдары қан майданда ел үшін, ұрпақ үшін жан беріскен ата-бабаларымыздың арқасы.

«Ерлік елге мұра» деген ұлағатты сөз бар. Кешегі Ұлы Отан соғысына қатысып, жауды жеңген ардагерлеріміздің ерлігін қанша ұлықтасақ та жарасымды. Бұл ретте мен өзімнің нағашы атам, соғыс ардагері Бектас Әбілұлы туралы айтсам деймін. Мен өз басым нағашы атамның көзін көрген емеспін. Бірақ анам және нағашыларым  ержүрек атам туралы, ерліктері жайында әрдайым айтып отырады. Менің нағашы атам Бектас Әбілұлы Күнтілесов 1922 жылы Қостанай облысы, Семиозер ауданы, Калинин ауылында туған, нағыз қаһарман, қайсар рухты ұлт батыры. Олай деуге әбден негіз бар. Ұлы Отан соғысында қара басын емес, халқын ойлап сынға түскен, ұлт болашағы үшін кеудесін жау оғына тосқан бірегей тұлға. 1942 жылы Семиозер ауданынан Ұлы Отан соғысына аттанып, халқы үшін жаумен бетпе-бет келіп, қарсыласқа, күреске түскен. 1943 жылы Тюмендегі Пехота училищесін бітіріп кіші командир шеніне ие болған. 1943-1945 жылдары артиллерия полкінде барлаушы болған. Австралияның Вена қаласын алған шайқаста ауыр жарақат алып госпитальда емделген.  Бірде нағашы атамның соғыстағы ерліктері жайлы анам былай әңгімелеп берген болатын: «Ол кез нағыз тозақ отымен пара-пар кез еді. Оқ деген қарша борап тұратын. Сондай сәттердің бірі болуы керек жамбасымнан оқ тиіп госпитальға түстім. Жарақатым ауыр болды. Тіпті дәрігерлердің өзі адам болуы екіталай деген сынды сөздерді айтты. Көкіректе шықпаған жан. Жүректе туған жерге деген махаббат болуы керек көзім жәудіреп жата беріппін. Сол жерде Галина деген мейірбике мені аман алып қалды. Иман жүзді қызға «Егер Құдай бұйыртып елге аман-есен жетсем қызымның атын Галина қоямын» деп уәдемді бердім. Жаратқан тілегімді қабыл алып, туған жерге кеп үйлендім тұңғыш балам қыз болды. Солайша, сенің есіміңді Галина қойдым» деген екен.   Әрине, бұл атамның қан майданда жүріп, елін қорғауға асыққан бойындағы рухымен қатар сертке беріктігінің айқын дәлелі.

Бектас атам соғыста өте үлкен ерлік көрсеткен. Еңбегінің, жанқиярлығының арқасында көптеген орден  медальдармен марапатталған. Алайда, Кеңес Үкіметінің тұсында мектеп оқушылары 9-шы мамырда соған сай киіну үрдіске айналғандықтан көп медалідары жоғалып қалған. Сонда да артында мұралары мен ізгілікті сөздерін қалдырған.  Атам, әрқашан соғыстың қиындығы мен ауырлығын айтатын. Тілек-дұғасында елдің амандығын, халықтың бейбіт заманда күн кешуін тілге тиек ететін. Себебі, соғыстың қаншалықты қиын әрі ауыр екендігін жақсы білетін. Сақталған жазба деректер бойынша атам соғысты немістің Берлин қаласында аяқтаған. Оған себеп жоғары да алған жарақаты. Соғыс аяқталғасын авто полк қатарында шофер болып әскери борышын 1946 жылы күзде аяқтаған. Еңбек жолын 1947 жылдан  бастаған. 1949 жылы Меңдіғара педагогикалық училищесін ойдағыдай аяқтап, содан Құсмұрын стансасында ұстаз болып қызмет еткен. Ұстаздық жолында талай шәкірттерді тәрбиелеп, оларды қатарға қосып, елдің қалаулы азаматы болуға жағдай жасаған. Қалған жылдары 72-і разъезде, Сұлукөл орта мектебінде, Көктал, Қараман ауылдарында көп жыл бойы мұғалім болып қызмет істеген. 1976 жылы өмірден өтті. Денесі 72-і разъездегі мұсылман зиратына жерленген. Атамның 2 ұл, 3 қызы, 10 немересі, 21 шөбересі бар. Тірі кезінде балаларына соғыстың ауырлығын, ол жақтағы қиыншылықты және достыққа адал болу сынды ұлағатты сөздерді жиі айтатын.

Соғысқа қатысқан, осындай тарихи оқиғаларды өз көзімен көрген аталарымыздың азайып бара жатқандығы көңілге қаяу түсіреді, сондықтан да ол кісілерге көзі тірісінде құрмет көрсетіп, алғыс айтудан жалықпайық!

Иә, соғыс кімді де болсын есеңгіретіп, есін алатын, санасын сансыратып, көңілін өшпестей жара салатын жамандықтың нақ өзі. Ол бірінші кезекте жас өскінді солдырып, бүршік жара бастаған гүлді түп-тамырымен жояды. Енді елімізде соғыс болмасын, тек мамыражай заман, бірілігі мен беркесі кетпеген тәуелсіздіктен айырмасын!

Гүлнәр ТИЫШТЫҚҚЫЗЫ,

Бауыржан  Момышұлы атындағы №5 жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі

 

 

Жаңалықтармен бөлісу