“Ата-әженің тәрбиесін көрген бала жаман болмайды” дейді арқалықтық отбасы

“Ата-әженің тәрбиесін көрген бала жаман болмайды” дейді арқалықтық отбасы

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні

«Үйіңде қарияң болса, жазылып қойған хатпен тең» дейді халық даналығы. Өмірдің сан қилы соқпағынан өткен, ыстық-суыққа төзіп, бар ғұмырын ұрпағының болашағына, елінің өркендеуіне арнаған қазыналы қарттарымыз аз емес. Жастық шағын ерен еңбекпен өткізіп, бүгінде сол төккен терінің зейнетін көріп, қартайдым деп қарап отырмай немере бағып, немересінің бойына ұлттық салт-сана, дәстүр, әдет-ғұрыптарды сіңіріп отырған қарияларымыз қаншама.

Бүгін біз сондай қадірменді қарттарымыздың бірі жайлы сөз қозғағалы отырмыз. Ол – Арқалық қаласының тұрғыны, еңбек ардагері, құрметті қажы Айтжан ата.

Ардагерлер кеңесінің мүшесі Айтжан Кенжеғалиұлы туралы замандастары үнемі жақсы пікір айтып жүреді. Тәрбиелі отбасының ұйтқысы, бақытта ата. Немере сүйіп отырған, немересін қамқорлыққа алып, тәрбиесіне әке-шешесімен бірге атсалысып, оның үлкен азамат болуы жолында үлкен жұмыс атқарып жүр. Қаладағы белсенді ардагерлердің бірі.

«Бұл кісі біріншіден қажы. Мешітпен үнемі байланыста отырып, ислам дінін насихаттауда көптеген еңбек сіңіріп жүрген ардагер. Оның сыртында шахматтан өткен жарыстарда үнемі жүлделі орындарға ие болып жүр. Бильярдты да өте жақсы ойнайды. Кездесу-басқосуларда жастар тәрбиесі, еліміздің дамуы, еліміздің ілгерілеуі туралы өзінің ой-пікірін үнемі ашық айтып отырады. Ақсақалдардың ортасында үлкен беделге ие. Айтжан Кенжеғалиұлына әр уақытта денсаулық тілейміз. Отбасы аман болсын. Немерелерін жетектеп, қызық-қуанышына кенеле берсін», – дейді Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров.

Ата-ананың міндеті – ұрпақ өсіру. «Өз балаңды өскенінше бағасың, балаңның баласын өлгеніңше бағасың» деген бабаларымыздан қалған аталы сөз бар.

«Балаларымыз өсіп ер жетті. Енді, міне немерені тәрбиелеп, қолымызға алып, білім беріп жатырмыз. Білген өнегемізді, тәрбиемізді көрсетіп, бар ынта-ықыласымызды арнап, халқымыздың салт-дәстүрін бойына сіңіріп келеміз», – дейді атаның өзі.

 

Зейін – зейінді бала

Айтжан атаның немересі Зейін Арқалық қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы кіші гимназияның үшінші сыныбында оқиды. Айтса айтқандай, тәрбиелі, білімді болып өсіп келеді. Ата-әжесін тыңдайды.

Үлкен кісілердің тәрбиесін көрген бала жақсы болып өседі. Қариялардың бар ойы – немересін қатарға қосып, ел-жұрттының азаматы болуға талаптандыру. Атасы күнде өз көлігімен мектебіне апарып, алып келеді. Сабаққа бірге дайындалады.

«Зейнеткерлікке шыққандағы біздің істейтін жұмысымыз осы немерені тәрбиелеп, бағу. Ата-анасы Астана қаласында тұрады. Елордаға демалыс сайын барамыз. Немеремізді апарып, демалыс біткесін бірге қайтып келеміз. Міне, тағы да билет алып қойдық. Алдын ала, бір ай бұрын билет алып қоямыз. Осы баламен ылғи бірге жүреміз. Кішкентайынан бауырымызда өсіп келеді. Балабақшаға да өзіміз апардық. Қаладағы «Алпамыс» балабақшасына барды. Одан кейін мектеп табалдырғын аттады. Амандық болса осылай тәрбиелей береміз», – дейді атасы.

Бұрын кенші, қазір қажы

 Атасының жасы 78-де. Өмір бойы Арқалық қаласындағы Торғай боксит кен басқармасында жұмыс істеді. «Адымдағыш экскаватор» деп аталатын алып техниканың тілін меңгерді. Оның шөмішінің өзі 15 куб. Бір алғанда 30 тонна балшық алады. Кенді жердің бетін аршып, тазартып отыратын техника. Осындай ауыр жұмысты бес саусағындай меңгеріп, еңбекте абыройлы болды. Мақтаулы маман ретінде үй берді. Қалалық мәслихаттың екі шақырылымында депутат атанды.

«Кен орны жабылып қалғаннан кейін қаламыздың еңсесі түскендей болып еді, құдайға шүкір, жаңадан сол бокситтен шыққан балшықты өндіреміз деп жатыр. 2027 жылға қарай Маятас кен орнын игеру сынды үлкен жобалар бар. Аэропортымыз ашылайын деп жатыр. Жолдарымыз дұрысталмақшы. Қаламыздың әкімі Әмірхан Біркенұлы көптеген игі істерге ұйтқы болып, қаланы үлкен қабілеттілікпен басқаруда. Көп жылдар ел жоламай кеткен орталық саябағымызға дейін көркейді. Жаз шықса сонда немеремізбен барып демаламыз», – дейді ақсақал.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Айтжан ата мұсылмандықтың бес парызының бірі қажылыққа барып келді. Жылда қасиетті Рамазан айында оразасын ұстайды. бір сөзбен айтқанда, қай жағынан да өнегелі қария.

Әлдилеген ақ әже

Атаның құдай қосқан қосағы, немересінің әжесі жас күнінде дәрігер болып істеген. Жұбайымен отасқандарына 53 жыл. Қариялар зейінді болсын деп немересінің атын Зейін қойған.

«Немеренің жақсы өскенін, ата-анасына мейірімді болғанын жақсы көреміз. Қолымыздан келгенше тәрбиелеп, білгенімізді үйретіп жатырмыз. Көбіне атасы баласын үйретіп, тәрбиелеп жатқан. Атасы сондай балажан, немересін жанынан мүлде тастамайды», – дейді Зейіннің әжесі Роза Жүсіпбекқызы.

Зейін – жан-жақты, өнерлі бала болып өсіп келеді. Домбыра тартады. Атасына тоғызқұмалақ үйретіп жүр. Атасы оған шахмат үйретеді. Бос уақыттарында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнайды. Ұялы телефонға әуестігі жоқ.

Биыл Арқалықта 2000 домбырашы өнер көрсетпек. Оған Зейін де қатысады. Қазірдің өзінде қаршадай бала төрт күйді меңгеріп алған. «Тепеңкөк», «Жастар»,«Әлқисса», «Желдірме» күйлерін мүдірмей орындайды. Күй үйретуде апайы Динара Әлімбекқызының еңбегі зор. Сынып жетекшісі Олимпия Алпысбайқызы да бала бойына білім нәрін құя білуде. Шәкірті «Жарайсың», «Жақсы» деген баға алып жүр. Білім жарыстарында жеткен жетістіктері де бар.

Атасы домбыра сатып әперді. Өнегелі отбасы ұлттық аспабымызды ұлықтап, күйлерімізді қастерлеп жүр. Ата көрген, әже тәрбиесін алған бала жаман болмасы анық. Қос қария жас өскін балалар дүниедегі жамандықтарды көрмесе екен деп тілейді.

Айтжан атаның батасы

Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Ақ ниетпен қол жайсаң,
Ақ тілекті төгейін!

Уа, Құдайым Құдірет!
Иманымызды кәміл ет!
Абырой, ынсап, бақ дәулет,
Не тілесек соның бәрін қабылет!…
Әумин!!!

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор.

Жаңалықтармен бөлісу