Асық ойыны – қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Асықты далада, алаңда ойнайды. Асық ойнап өскен бала мерген, өзгелерден ептілеу, зеректеу, табандырақ, шыдамды болып келеді. Халқымыз «Қой асығы демей-ақ, қолыңа түссе сақа тұт», «Асығың алшысынан түссін» деп мақалдап сөйлеуінде асық ойынының қазақ мәдениетіндегі өзіндік орнын байқатады. Асықтың: алшы, тәйке, бүк, шік, омпа, шоңқа деген түрлері болады. Оның ішінде алшыны өте жоғары бағалаған. Өмірде жолы болған дәулетті адамдарды «Асығы алшысынан түсіп тұр» деп айтады. Жақсы көрген жас буынға «алтын асықтай немесе киіктің асығындай шымыр бол» деп сипаттау тегіннен тегін туындамаған. Өйткені осы ойын арқылы бабаларымыз жас ұрпақты жастайынан жүйке жүйесін шыңдауға, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдыққа, төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелеген.
Асық – төрт түлік мал мен қоңыр аңның санының орта тұсында орналасқан асық жіліктен алынады. Оның түрлері көп. Атап айтқанда, сақа – асықтың үлкен әрі шымыр түрі. Бұл асық жеткен еркек қойдан немесе қошқар-текеден алынады. Кеней – көпшілік ойнауға арналған қарапайым асықтар. Шүкейт – жас малдың асығы. Қойлық – қойдың асығы. Ешкімек – ешкінің асығы. Құлжа – құлжаның асығы. Көктабан – қорғасын құйылған салмақты сақа асық. Топай – сиырдың асығы. Жабай – ірі асықты айтады. Қолқар – арқардың асығы.
Бұл ойынның Кеңес заманында шектеулі болып ұмытылып, бүгінгі таңда қайтадан түлеп, мемлекет қолдауына ие болып отырғаны – үлкен жетістік. Атап айтқанда, елімізде асық атудан жарыстар ел біріншіліктері өтуде. Әйтсе де, бұл ұлттық ойынымыз бұқаралық деңгейде дамымай отыр. Сондықтан болар, ұлт жанашырлары бұл ойынның кең көлемде дамуына зейін танытуда. Ұлттық ойынды насихаттау барысында көптеген сайыстар өткізілуде. Соның бірі облыстық деңгейде өткен жарыс. Оның алдында әр аудандарда іріктеу ойындары өткен болатын. Сол сайыста Жангелдин ауданынан біздің бағымыз жанып, бірінші орын иелендік. Сонымен қатар, облыстық кезеңге жолдама ұттық. Қуанышымызда шек болмады. 14 қараша күні өткен аудандық іріктеуде Ақәділ Мырзалы, Әлихан Жанболатұлы, Әділжан Әділхан, Аякөз Мырзатай, Рабиға Еркеш және Бегім Қуанышбай қатысып, өз бақтарын сынады. Бірақ келесі кезеңге тек 3 ойынша қатысу керек болғаннан кейін ең мықтысы таңдалынды. Біздің ауданның намысын қорғауға Ақәділ Мырзалы, Әлихан Жанболатұлы мен Бегім Қуанышбай барды. Облыс орталығында өткен жарыста өңіріміздің түкпір-түкпірінен 11 команда қатысты. Әрбірінің өзіндік ерекшеліктері бар. Бұндай жарысқа қатысулары бірінші рет емес екен. Тіпті 7 ретте бақ сынаған топтарда болды. Біздің алғашқы ойынымыз болғаннан кейін балалардың қобалжуы басым болды. Әрі жеребеден де ойынның ашушы тобы болғаннан кейін толқу екі еселене түсті. Бірақ, балалар өздерінің бар қабілеттерін көрсете білді. Алғашында жүрексіне кіріскенмен ойын барысында ептілік танытып, жерге тасталған асықтардың біреуін лақтырып отырып, қалғанын жинап алатын жағдайға жетті. Бұл жолы жеңіс тұғырынан көрінбесек те, тәжірибе жинап қайттық.
Гүлбану ХАСЕНОВА,
“Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебі” КММ мектепалды даярлық тобының мұғалімі.
Жанкелдин ауданы,
Торғай селосы.