Қазақстанның белгілі әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қостанайдың «алтын дауысы» Арыстан Құрманов Құрылтай депутаттарын сайлау күні дауыс беруге қатысты.
Өнер иесі азаматтық таңдау жасағаны туралы ақпаратты Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөлісті. Арыстан Құрманов Қостанай қаласындағы №69 сайлау учаскесіне барып, дауыс беру құқығын пайдаланғанын жазды.
«Мен үшін сайлауға қатысу – таңдауымды жасап, пікірімді білдіру мүмкіндігі», – деді әнші.
Өнер иесінің айтуынша, әр адам туған өлкесінің дамуына өзіндік үлесін қосады. Бірі – шығармашылық пен өнер арқылы, енді бірі – кәсіби қызметі, күнделікті еңбегі және қоғам өміріне белсенді араласуы арқылы атсалысады.
«Ең бастысы – шет қалмау. Бүгін өз таңдауымды мен де жасадым», – деп атап өтті Арыстан Құрманов.
Мәдениет пен өнер саласының белгілі өкілдерінің қоғамдық өмірге белсенді қатысуы азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, әр азаматтың өз сайлау құқығына саналы түрде қарауының маңызды екенін айқындайды.
