2 июня, 2025
Арқалықтықтар ынтымақ күнін мерекеледі

Арқалықтықтар ынтымақ күнін мерекеледі

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні Арқалық қаласында да ауқымды іс-шаралармен айшықталды.

Қала аспанын ерте таңнан көңілді әуен кернеп, орталық «Наурыз» алаңына жиналған халықты мерекемен қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтады.

–Дана халқымыз қашанда бірліктің құнын білген. Содан да болар ортақ мақсатқа, яғни еліміздің гүлденуіне үлес қосып келе жатқан өзге ұлт өкілдеріне әрқашанда құрметпен қараған.  Биыл Қазақстан халқының Ассамблеясына 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде ассамблея қоғамдық тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақстанда адамды дініне, тіліне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Бұл – нағыз әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі» деп атап көрсетті. Біздің қаламызда да бүгінгі күні ондаған ұлт өкілдері жемісті еңбек етіп келеді. Әрқайсының көздеген мүддесі ортақ үйіміздің, отанымыздың берекелі болуы, – деді қала әкімі Әмірхан Асанов мерекелік құттықтау сөзінде.

Бірқатар еңбек озаттары қала әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Олардың қатарында: Көктау ауылының бас есепшісі Мария Авдеенко, Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің қызметкері Халида Болгарская, Родина ауылдық округының клуб қызметкері Гүлнәр Мамедова, Целинный ауылының есепшісі Балжанат Тұяқова, Восточный ауылының бас маманы Снежана Бакшеева, Арқалық медициналық колледжінің маманы Максим Валиуллов, «Іскер- Арқалық» ЖШС қызметкері Николай Шишкин сынды жас мамандар бар.

Қала әкімінің құттықтау — марапаттауы мерекелік концертке ұласты.

Дала сахнасында үлгілі «Інжу — Маржан» тобы, «Тұмар» би студиясы, «Еркеназ» қобызшылар дуэты, «Кербез» триосы, сондай – ақ жекелеген өнерпаздар өнер көрсетті.

Жақында өткен қалалық «Студенттер көктемі-2025» жастар шығармашылығы фестивалі жастарға шығармашылық және достық қарым-қатынас жасауға мүмкіндік ұсынған болатын. Жаңа таланттар сахна төріне шықты. Мерейлі шақта қазылар алқасы жастар шығармашылығы фестивалінің қорытындысын шығарып, үздіктерді марапаттады.

Мерекелік іс-шара одан әрі жастар шығармашылығы фестивалінің гала концертімен жалғасты. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті, Арқалық көпсалалы колледжі, Арқалық медициналық колледжі,

Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі, Арқалық политехникалық колледжінің жастары өнер көрігін қыздырды.

– Еңбекшілердің ынтымақ күні мерекесін көріп, әр ұлттың салт – дәстүрлерін тамашалап жатырмыз. Бұл – ең жақсы мереке. Еліміздің біртұтастығы, заманымыздың тыныштығы осы бір аспанның астында өмір сүруіміздің өзі бір бақыт. Бастысы – заманымыз тыныш болсын. Тыныш заманда халқымыздың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» дегендей ынтымағы арта берсін. Ұлы жаратушы баршамызға бақытты өмірді нәсіп етсін, – дейді қала тұрғыны Қаламқас Сейде.

Бірлік күнін мерекелеу – жастардың көңілді ойын-сауық би кешімен түйінделмек.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы