Бірлік күні – бейбітшілік пен достықтың мерекесі

Бірлік күні – бейбітшілік пен достықтың мерекесі

Қостанай қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні ауқымды түрде аталып өтілді. Орталық алаңдағы Достық үйі алдында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Достық керуені» атты мерекелік іс-шарасы өтті.

Бағдарлама аясында өңірдегі түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері өздерінің ұлттық өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар қолөнер көрмесі, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі және балаларға арналған шығармашылық алаңдар ұйымдастырылды.

Іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары белсене қатысып, ел ішіндегі татулық пен өзара сыйластықтың маңызын тағы бір мәрте сезінді. Ал бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен рөл атқарады.

– Орталықта «Достық керуені» мерекелік бағдарламасын ұйымдастырдық. Мұнымен бірге бірнеше алаңдар әзірленген. Сондай-ақ Жұмысшы мамандықтар жылына арналған квест өткізілді. Оған қаладағы кәсіпорын қызметкерлері, оқу орындардың өкілдері қатысты. Қоғамдық келісім қабырғасында «Жомарт жан» деген жобамыз бар. Біз қайырымдылықпен де айналысамыз. Мереке барысында тіске басарлар сатылып жатыр, одан түскен ақша қаржыға мұқжат бір мүгедек балаға аударылады. Ал нақты бірлік күніне келер болса, мен үшін ерекше мерекенің бірі. Ең бастысы егемен еліміздің еңсесі биік, іргесі берік болсын, – деді «Қоғамдық келісім» ұйымының басшысы Наталья Рамазанова.

Бүгінде облыста елуден астам өзге ұлт өкілдері тұрады. «Қоғамдық келісім» шаңырағы астында 19 этно-мәдени бірлістік жұмыс істейді. Мұның сыртында жеті консультативтік-кеңесші орган бар. Әзербайжан этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Рафаил Гаджибаллаев та орталықтан төбе көрсетті.

–Қазақстан халқының бірлігі күнін 1996 жылдан бері атап өтік келеміз. Басты мерекелердің бірі деп санаймын. Жыл сайын маңыздылығы артып келеді. Себебі түрлі этнос өкілдерін біріктіріп, тұрақтылық, толеранттылық пен келісімнің кепілі болды. Биыл, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 жылдығын атап өтуде. Осы жылдар ішінде ҚХА біздің қоғамымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Айта кету керек, Қостанай облысындағы барлық этно-мәдени бірлестіктер осы жылдар ішінде өздерін қоғамдық өмірге белсенді қатысушылар ретінде және сенімді серіктес тұрғысынан көрсете алды. Бірлігіміз ажырамай, Тәуелсіздігіміз мығым болсын. Басты құндылықтарды сақтап, дамытуға үлес қосып жүре берейік, – дейді Әзербайжан этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Рафаил Гаджибаллаев.

Алаңда өткен «Бірлік дауысы» іс-шарасына қаланың кішкентай тұрғындары қатысты.

Олар ел және өңір ақындарының жыр-өлеңдерін жатқа мәнерлеп айтып берді.

Сайысқа барлығы 36 бала қатысқан.

–Қостанай қаласы бірлігі жарасқан, талай ұлт өкілдерімен айранда ұйыған керемет шаһар. Мереке күні балалардың өнеріне қанық болып жатырмыз. Бастысы шаттанып қалдық, – деді қазылар алқасының мүшесі, журналист Заңғар Санай.

Алаңға тігілген киіз үйдің іші жабдықталып, тұрғындар ішк еніп суретке түсті.

Достық үйінің әзірлеген концерттік бағдарламасы көптің көңілінен шығып, көңілдерін сергітіп тастады.

Жалғасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК