Биыл да жылдағыдай қалада тазалық шаралары ерте бастан қолға алына бастады.
Мекемелер мен ұжымдар өздеріне бекітіліп берілген аумақтарды қыс бойы қордаланған қоқыстан тазарту жұмыстарын қолға алуда.
Көшелер мен алаңқайлар, саябақтар, скеверлер, жаяу жүргіншілер жолдары тазалықты аса қажет етеді.
Халық көп жүріп – тұратын болғандықтан ол жерлерде қоқыстың болмауына баса назар аударылады.
Сондай – ақ, жеке секторларға да өз айналасының абаттануын қадағалап, маңайын жинақы ұстауы талап етіледі.
Өткен жылы қаланың бірқатар көшелері мен орталық «Наурыз» алаңына сырмақтас салынды.
Бұл жұмыстар өз нәтижесін беріп, инфрақұрылымның дамуы қаланың көркін келтіруде. Көрікті жердің тазалығын сақтау да жеңілірек. Ұжымдар ортақ іске білек сыбана кіріскен.
Жаңа кейіпке енген «Наурыз» алаңында киіз үйлер бой көтеріп, Наурыз мерекесіне әзірлік жұмыстары қарқынды жүруде.
«Көктем келіп, күн жылынып, жераяғы кеңейе түсуде. Көпшілікпен бірге табиғат аясына шығып, қаламыздың тазалығын сақтауға атсалысып жатырмыз.тХалқымызда «Өз қалаң – өз үйің» деген тамаша қанатты сөз бар. Мекен етіп жатқан ортақ үйінің тазалығының сақталуына сол жерде тұрып жатқан әрбір тұрғын жауапты. Сонда ғана тазалық үстемдік алады», – дейді «Іскер – Арқалық» ЖШС басшысы Жолтай Мүкібаев.
Жиналған қоқыстар техникалардың көмегімен тиеліп, жөнелтіліп, қала сыртындағы қоқыс полигонына шығарылуда.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы