«Таза қала» акциясы аясында жүзеге асырылған іс-шараға қала жастарымен бірге қала әкімі Әмірхан Асанов қатысып, арнайы күтіммен Алматы қаласынан жеткізілген емен ағашының өскіндерін «Абай аллеясы», «А.Байтұрсынұлы сквері», «Жастар саябағы» және «Даңқ аллеясына» отырғызды.
Ағаш көшеттері қаладағы жоғары және кәсіптік оқу орындарына бөлініп берілді. Алдағы уақытта студент жастар өздері еккен тал – шыбықтарға күтім жасайтын болады.
«Жалпы, қалада жаз бойы республикалық «Жасыл ел» жобасы бойынша 130 адам жұмыспен қамтылды. Жобаға қалалық ішкі саясат бөлімі арқылы 1 млн 980 мың теңге қаржы жұмсалып, 14 пен 35 жас арасындағы жастар, студенттер, көпбалалы отбасылардың оқушылары тартылды. Соның арқасында қаладағы халық көп жиналатын барлық қоғамдық орындарды күтіп ұстау, әктеу-әрлеу жұмыстары жүргізілді. Бүгін осы жобаның қорытындысы іспетті қалаға ағаш көшеттерін әкеліп, қоғамдық орындарға отырғызып жатырмыз»,– дейді жобаны жүзеге асырушы «Жастар – А» азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Ахметжанов.
Оның айтуынша жобаға қала жастары белсенді қатысқан. Бұл жұмыстар келер жылы да лайықты жалғасын табатын болады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы