Кездесу барысында көкейде жүрген сұрақтар тоқтаусыз қойылып, мекеме басшылары тарапынан тиісті жауаптары берілді.
Көпшілікті толғандырып жүрген мәселелердің бірі қаланың тазалығы болды. Жылу және су құбырларын ауыстырған мердігерлер қазған жерлерін реттемеген. Арқалық қаласының жылу және сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталғанға дейін зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру және абаттандыру шаралары қабылданатын болды. Жылу желілерінің жолындағы жұлынған ағаштар мен жасыл алқаптарды қайта қалпына келтіру жұмыстары қазірдің өзінде басталып кеткен. Тағы бір мәселе – көшеаралық жол қатынасындағы стандартты жылдамдық тежегіш орнату.
2023 жылы Арқалық қаласы бойынша мемлекеттік грантқа 12 өтініш түсіп, оның 3 – і мақұлданды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Арқалық қаласы, ауылдар және ауылдық округтер бойынша 24 адам 135 млн 200 мың теңгеге қаржыландырылды. Нәтижесінде 22 жаңа жұмыс орны ашылды. Бизнес жоспар бойынша 22 мал шаруашылығы және 1 ағаш цехы, 1 калифорниялық құрт өсіру кәсібі қолға алынады. Бүгінгі таңда кейбір несие алушылар өз кәсіптерімен айналысып, табыс табуда.
«Қойған сұрақтардың кейбіреуі шешіледі, кейбіреуі шешілмейді. Бірақ, біз соны шешуге атсалысуымыз керек. Сол үшін осы қызметте жүрміз. Мұның барлығы қаламыздың, еліміздің жақсы болуы үшін істеліп жатқан істер. Кейбір сұрақтар біздің деңгеймізде шешілмейді. Оны жоғары жаққа айтып, көтеретін боламыз. Еңбасты құндылық – ел-жұртымыздың амандығы», – деп жиынды қорытындылады қала әкімі Әмірхан Асанов.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ