Арқалық театрында Мемлекеттік қызметкерлер мен Полиция күніне арналған салтанатты жиын өтіп, қала әкімі Әмірхан Асанов мереке иелерін құттықтады.
Мемлекеттік қызмет – азаматтардың мемлекеттік органдар мен оның аппараттарындағы кәсіптік қызметі.
Сондай – ақ, биыл ҚР ішкі істер органдары туралы алғашқы заңның қабылданғанына 32 жыл толып отыр.
«Мемлекет пен қоғамға қызмет ету – әрбір азамат үшін абыройлы іс. Еліміздің гүлденуі мен экономикасының дамуы жолында мемлекеттік қызметшінің қосар үлесі ерекше. Полицияда қызмет істеу маңызы әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – асқан қажырлылық пен қайраткерлікті қажет етеді», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов мерекелік құттықтауында.
Ел әнұраны асқақтаған салтанатты жиында жас мемлекеттік қызметкерлер Теміржан Смағұлов пен Сабина Баймурзина елге адал қызмет ететіндіктерін білдіріп, ант қабылдады.
Мереке иелері көптеп марапатталып, елдің ыстық ықыласына кенелді. Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен қалалық заң бөлімінің бас маманы Айдана Ибраһимова, №41 түзеу мекемесінің инспекторы Наталья Кадырова, қалалық ішкі істер басқармасының қызметкері Дастан Асылбекұлы марапатталды.
Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі және құқық қорғау жүйесіндегі адал еңбектері үшін мемлекеттік қызметшілер мен тәртіп сақшылары қала әкімінің де Құрмет грамоталарына да молынан кенелді.
Көрермендерге патриоттық рух сыйлап, көңіл – күйін асқақтатқан қос мерекеде қала өнерпаздары ән – күйден шашу шашып, арнайы жедел іс әрекет ету жасағы шаппа – шап ұрыс қимылдарынан ұтымды көріністер көрсетті.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор.
Арқалық қаласы