Елімізде еңбек етемін деген адамға кәсіптің түрі көп. Халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетілуде. Солардың қатарында 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасын атауға болады. Бұл жоба азаматтарға білім беру, оларды жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға жәрдемдесу, жұмыс орындарын субсидиялау және басқа салаларда демеу көрсететуге арналған.
Арқалық қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Әлия Төлегенованың мәлімдеуінше, 2022 жылы Ұлттық жобаны іске асыруға 242,2 млн теңге бөлінген. Оның ішінде, Ұлттық қордан – 160 млн теңге, республикалық бюджеттен – 39,7 млн теңге, облыстық бюджеттен – 7,7 млн теңге, жергілікті бюджеттен 34,8 млн теңге қарастырылды.
Ұлттық жобаның елеулі бір бағыты – азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын дамыту және қолдау, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту арқылы жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқытуды халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдар, сондай-ақ 35 жасқа дейінгі жас азаматтар (оқу кезінде жұмыссыз немесе тіркелген жеке кәсіпкерлер) өте алады. Өткен жылы Арқалық қаласында «Бастау-Бизнес» жобасымен 160 адам (жоспар бойынша 85 адам) оқытылды, оның 33-і – ауылдық жерлерден. Ұлттық жобаның осы бағытымен жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 400 АЕК көлемінде мемлекеттік гранттар қарастырылған. Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адам факторын азайту және үміткерлерге ыңғайлы болу үшін гранттарды берудің барлық процесі электронды форматқа көшірілді. Гранттық өтінімдер бір терезе – Business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады.
Грантқа қажетті инвентарларды, яғни құралдарды, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, мал, құс, тұқым, көшеттерді сатып алуға және үй-жайларды жалға алу ақысын төлеуге болады. Бір ескерерлігі, көмектің бүл түрі: тұтынушылық мақсаттарға, несиелерді өтеуге, жылжымайтын тұрғын үйді сатып алуға және салуға, жер телімдерін сатып алуға берілмейді.
2022 жылы 400 АЕК көлемінде 40 грант (жоспар 39) берілді. Оның ішінде, 19 грантты (10-ы ауылдық жерден) халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар, 21 грантты (13-і ауылдық жерден) жастар иеленді.
Кәсібі күш алғандардың бірі – Жайсан Қибаш. Ол 2020 жылдан бері зергерлік кәсіппен айналысады.
– Нағашы жұртым осы істің шеберлері. Сол кісілерден үйреніп, батасын алдым. «Айша» сауда үйінен «бутик» алып, жеке кәсібімді бастадым. Жұмыс жақсы жүріп жатыр. Былтыр мемлекеттің көмегімен грант иегері атандым. Берілген қаражатқа әшекей бұйымдарын жасауға қажетті білдек (станок) сатып алдым. Бұл білдек зергерлік материалды балқытқаннан кейін көлемін ұлғайтуға арналған. Бұрын мұның бәрін қол білдегімен атқаратынмын. Ол уақытты көп алады. Бір құйма жасау үшін бір күн уақытым кететін. Қазір осы электрлі білдекті алғалы бір-екі сағатта он құйма істей аламын. Қолым ұзарып, жұмысым алға басты. Халыққа, әсіресе біз сияқты өмірлік жолдарын жаңа бастаған жастарға көмек көрсетіп жатқан үкіметке зор алғысымды білдіремін, – дейді ол.
Жайсан алдағы уақытта тағы да осындай қолдаулар болып жатса, кәсібін әрмен қарай кеңейтпек ойда. Үлкен цех ашып, шәкірт тәрбиелегісі келеді.
“Жастайымнан қолөнеріне бейім болдым. Күміс тиындардан түрлі әшекей бұйымдар жасайтынмын. Үйдегілер қызық көріп«Бұл тойының жасауын өзі жасап алады» дейтін. Сол айтқандай, үйленгенде неке жүзігімді өзім істедім”, – дейді зергер.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы