Қостанайлық қолөнер шеберінің көрмесі ашылды

Қостанайлық қолөнер шеберінің көрмесі ашылды

Осыдан 140 жыл бұрын ағартушы, ұстаз Ыбырай Алтынсарин Торғай даласынан ерлер қолөнер училищесін ашты. Яғни, педагогикалық қызметінде шікірттерін еңбекке де баулыды. Онда балалар ағаштан түйін түйіп, тері илеумен де айналысты. Күнделікті тұрмысқа қажетті дүниелерді жасауды үйренді. Осы атаулы датаға орай қолөнерді кәсіп еткен қостанайлық шебермен кездесу өтті.

Мемориалдық музейде 140 жылдыққа орай қолөнер шебері Еркөкше Кенкеновтің “Шебер қол, зерей ой” атты көрмесі ұйымдастырылды.

            – Шеберлік әкемнен дарыған. Ол кісі ағаш шебері болатын және зергерлікпен айналысып сақина да соқты. Бала күнімде қасында жүріп меңгердім. 1984 жылдан бастап мектептерде еңбек пәнінен сабақ беріп келемін, сол кезеңнен бері алдыма келген шәкірттерге үйретумен келемін, – деді сөз барысында шебер Еркөкше Еркебұланұлы.

Газетіміздің өткен санында “Атадан балаға жалғасқан өнер” тақырыбында Еркөкше Кенкенов жайлы мақала жариялаған едік. Шебер қазіргі таңда қаламыздағы №115 мектепте мұғалім. Оқушылары ағаш астау және домбыра жасап машықтанып жүр. Араларында зергерлікке бет бұрып сақина соғып үйреніп жүрген шәкірттері де бар. Әріптестері жол бастар аға ретінде ерекше құрметтейтінін жеткізді.

            – Мектебіміздің атын шығарып көптеген қолөнер байқауларына қатысып жүлдегер атанды. Жасаған бұйымдары өте құнды. Қарапайым ағаштан туынды шығара беледі. Ол тек нағыз шебердің қолынан келетін іс. Ағаға шәкірт тәрбиелеу жолда қажымас қайрат тілейміз, – деді әріптесі Ербол Қанатұлы.

Көрмеде шебердің қолынан шыққан қазақ аспаптарының бірнешеуі, күмістен соғылған сақиналар, ағаш астаулар қойылды.

            – Ыбырай Алтынсарин зайырлы мектептердің негізін қалаумен қатар, қазаққа қажетті қолөнер училищесін де ашты. Ағаштан бұйым істеумен қатар, тері илеп өңдеп қайыстан ат әбзелдерін жасады. Ең қызығы, алаботадан сабын қайнату технологиясын үйреткен. Өнеркәсіптің бастауын Ыбырайдан көруге болады. Қазіргі таңда кей құндылықтар жойылудың нақ алдында тұрғанда Еркөкше Еркебұланұлы сынды шеберлердің қадіріне жете білуіміз қажет, – дейді Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің басшысы Марғұлан Оспанов.

Уақытша көрме наурыз айының аяғына дейін музей келушілерінің назарына ұсынылады.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу