Арқалықтық панкратионшы қыз әлемдік доданың жүлдегері атанды

Арқалықтық панкратионшы қыз әлемдік доданың жүлдегері атанды

Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында панкратионнан жастар мен ересектер арасында өткен әлем чемпионатында Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының І курс студенті Гүлмайра Сағиданова күміс медальді қоржынға салды.

Бұл спортқа бокс, кикбоксинг, аралас жекпе-жек және т.б спорт түрлері кіреді. Ел намысын 57 келі салмақ дәрежесінде қорғаған жерлесіміз әлем біріншілігінде үш жекпе-жек өткізген. Алғашында Үндістан мен Украина спортшыларын жеңіп, ақтық кездесуде өз отандасымен 9:9 ұпайымен тең түскен. Алайда, төрешілер жеңісті Семей қаласынан келген қарсыласына беруді ұйғарыпты.

«Менің бұл әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысуым. Ең жоғары марапатқа ие болуыма сәл сәттілік жетпей қалды. Алайда, еш өкінбеймін. Мен үшін бұл үлкен тәжірибе жинақтаудың бастамасы деп білемін», – дейді жас спортшы.

Әлемдік дода жүлдегерінің жаттықтырушысы, ұлттық жекпе-жектен ҚР спорт шебері, қалалық ММА федерациясының жетекшісі Ербол Мұқановтың айтуынша, Гүлмайра аралас жекпе-жекпен айналысуға өткен жылдың қыркүйек айында ғана келген. Ол осындай қысқа мерзімде спортта таңғаларлық жетістіктерге жетіп, панкратион бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы сапына енді.

Орайы келгенде айта кетсек, Арқалық қаласындағы панкратион секциясына 10 жастан асқан 70-ке жуық жасөспірім ұл-қыз қатысады. Тәрбиеленушілердің арасында ата-анасының келісімімен жаттығатын 6 жастан асқан балалар да бар.

Мұрат Жүнісұлы

Жаңалықтармен бөлісу