Арқалықтың су басқан ауылдары елмен қатынассыз қалды

Арқалықтың су басқан ауылдары елмен қатынассыз қалды

«Апат айтып келмейді» деген. Көктемгі су тасқынының төтенше жағдайы әп әдемі шаруасын күйттеп, малын бағып отырған ауылдағы ағайындардың шаруасын шатқаяқтандырып, көптеген кеселдерін келтірді.

Мысалы, дәл қазіргі таңда Арқалық қаласының Әбдіғаппар хан ауылы екі өзеннің ортасында жан-жағын су орап, жан-жаққа қарым-қатынастан оқшауланып қалған.

Қайыңды өзенінің бойындағы Шайхысылам көпірі уақытша жөнделді. Ал, арғы жақтағы Саба өзенінің бойындағы көпірдің бір жақ қанатын су шайып кеткен, халі мүшкіл, өте қиын жағдайда.

Ол жерге күрделі жөндеу жасамаса болмайды. Аманкелді ауданы жаққа баратын көпірдің де екі жақ қапталы құлап жатыр.

“Ауылымызға баратын көтерме жолды ауылдан 10 км жерде әр жерінен 200-300 метрдей жерін тасқын су шайып кетті. Екідің ауылына баратын көтерме жолды да екі жерден су шайған. Сол ешқайда шыға алмай көмекті күтіп отырмыз”, –  дейді Әбдіғаппар хан ауылыныңәкімі Мереке Жұмабекұлы.

«Бектас», «Хайруллина», «Бөкеш» шаруа қожалықтары суға кеткен.«Бөкеш» шаруа қожалығында 46 бас ірі қарадан шығын бар. «КРК» шаруа қожалығы да су қоршауында қалды. Ол жерде қазір жарық жоқ. Электр желісі үзіліп, жиырмаға жақын баған құлап, трансформаторды су шайған. Олар да көмек күтіп отыр. Игілік шаруа қожалығында да осы сияқты жағдай орын алып отыр.

“Жол қатынасы қиындығына қарамастан, азық-түліктерін жіберіп жатырмыз. Өткен жексенбі күні вертолет келіп 23 дана жиынтық гуманитарлық көмек жеткізді. Бір комплектісі 50 келіден. Оны біз азық-түлік қоры азайған 23 отбасына дереу таратып бердік. Азық-түлікті бүгін тағы алып кетейін деп отырмыз. Қала әкімі Әмірхан Біркенұлы арнайы жүк көлігін дайындатып қойыпты. Түстен кейін ауылға қарай алып кетеміз», – дейді Мереке Жұмабекұлы.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу