Арқалықтың пойыз кестесі өзгерді

Арқалықтың пойыз кестесі өзгерді

Жазғы уақытқа ауысуға байланысты Арқалық қаласын облыс орталығымен және астанамен байланыстыратын пойыз кестесі өзгерді.

Арқалық қаласын облыс орталығымен байланыстыратын №621/622 «Қостанай — Арқалық» пойызы енді Арқалыққа таңғы сағат 7:10-да келіп, сағат 17:33-те аттанады. Ал, Қостанай станциясына таңғы сағат 7:15-те келіп, сағат 17:05-те кері қайтады.

Бүгіннен бастап «Арқалық-Астана1-Нұрлы жол» жолаушылар пойызы енді «Астана1» станциясында қысқа аялдама жасамайды.

Арқалық теміржол станциясының басшысы Еркін Темірбековтің айтуынша, бұл техникалық себептерге байланысты туындап отырған жағдай. Халық арасында «ескі станция» деп аталатын станцияда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан пойыз «Астана1» станциясын айналып өтіп, тікелей «Нұрлы жол» станциясына барады.

Белгілі болғандай, пойыздың осы станцияға келу уақыты да реттеледі. «Астана-1» станциясында пойыздың тоқтауына үйреніп қалған жолаушылар үшін бұл қолайсыздықтар қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Себебі, күрделі жөндеу жұмыстары ұзақ уақытқа созылатыны айқын. Сондықтан, Астана пойызындағы жолаушылар жаңа кестеге үйренуі керек.

Мысалы, Астанадан Арқалыққа қатынайтын №655/656 пойызы Арқалық теміржол станциясына таңғы сағат 8:38-де келіп, 31 наурыздан бастап сағат 19:30-да кетеді. Пойыз «Нұрлы жол» станциясына таңғы сағат 6:20-да келіп, сағат 21:18-де кетеді.

 

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген — автор

                                                                                                                    Арқалық қаласы