Арқалықтағы “Жас ару” асханасы жанынан жаңа дәмхана ашылды

Арқалықтағы “Жас ару” асханасы жанынан жаңа дәмхана ашылды

Жалпы көлемі 200 шаршы метр болатын дәмхана құрылысын жүргізуге және нысанды заманауи жабдықтауға «Масербаева» жеке кәсіпкерлігі 50 миллион теңге инвестиция салған.

 

Нәтижесінде кәсіпкерлік қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы орында дәмді тағамдарын ұсынып қана қоймай, қосымша 10 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Дәмхананың салтанатты ашылуында қала әкімінің орынбасары Абзал Ташимов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әлеуметтік жағдайының артуына қосып жатқан үлесі үшін кәсіпкерге алғысын білдірді.

«Шағын және орта бизнестің дамуы – ел экономикасына серпін беретін қозғаушы күш. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде бұл сала Арқалық аймағында да қарқынды дамып келеді. Бүгінде қалада 2100-ден астам жеке кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, тұрақты жұмыс істеп келеді», – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Абзал Қамбарұлы.

Дәмхананың ашылуында ұлтымыздың дәстүріне сай шашу шашылып, әсем әнге кезек берілді. Нағашылары атынан ел ағасы Мақсұт Байділдин кермесін қиып, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров және кәсіпкердің жақын-жуықтары, әріптестері, достары жылы лебіздерін білдірді.

«Осыдан бес-алты жыл бұрын отбасылық кәсібімізді бастаған едік. Алғашында 100 орындық шағын асханамыз арқылы көпшілікке танылсақ, енді оған қосымша 60 орындық дәмхана ашып отырмыз. Қала орталығы болғандықтан тұтынушылар көп келеді. Біз оларға мейлінше ұқыпты, арзан, әрі сапалы қызмет көрсетуге күш саламыз. Жаңа дәмханамызда шығыс және еуропалық үлгіде аралас ас мәзірін дайындаймыз. Әсіресе, балалар мен жастарға қуаныш сыйлайтын құтты орынға айналады деген сенімдеміз», – дейді кәсіп көзін кеңейткен кәсіпкер Тоғжан Масербаева.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

 

Жаңалықтармен бөлісу