Арқалықта қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып, жастар саясатының дамуына және игі бастамалардың жүзеге асуына үлес қосып жүрген белсенді азаматтар мен ұжымдар марапатталды.
Халықаралық жастар күнінің аясында жалынды жастықтың жігерін, асқақ арманын, батыл бастамасы мен жасампаз еңбегі дәріптелді. Ел ертеңіне жауапкершілікпен қарап, қоғамның дамуына өз үлесін қосып жүрген жас буынға құрмет көрсететілді.

«Демалыс саябағында» жастарға арналған мерекелік кеш өтіп, білім мен ғылымда, мәдениет пен өнерде, спортта, кәсіпкерлік пен еріктілік бағытында белсенділік танытып жүрген жастардың бастамалары мен еңбектері дәріптелді.
«Биылғы Жастар күнінің Арқалық үшін мәні айрықша. Біз оны тәрбиелік мәні зор он күндік іс-шаралар тізбегімен атап өтудеміз. Тарихы тағылымға, шежіресі еңбек пен ерлікке толы туған қаламызға биыл – 70 жыл толып отыр. Жетпіс жыл – өткенге тағзым етіп, бүгінгі жетістікті бағалап, болашаққа нық қадам басатын тарихи белес. Ал сол болашақтың басты күші – білімді, еңбекқор, жаңашыл әрі туған жеріне жанашыр жастар. Арқалықтың жетпіс жылдық тарихын аға буын қалыптастырса, оның жаңа парақтарын бүгінгі жастар жазады», – дейді қалалық ішкі саясат бөлімі Жастар ресурстық орталығының директоры Данияр Қожахметов.
Жастық шақ – жалын мен жігердің, арман мен үлкен мақсаттардың кезеңі. Елдің ертеңі – білімді, талантты, туған жеріне жанашыр жастардың қолында.
Саз бен сауыққа және марапатқа толы кеш – өнер мен рухтың, достық пен жастық жігердің тоғысқан шуақты сәтіне айналды. Әрдайым, жастардың арманы асқақ, қадамы нық болғай.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы
