Қарағанды қаласында жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан өткен Қазақстан чемпионатында арқалықтық жас спортшы Еділ Нұрахмет 33 келі салмақ дәрежесіне дейінгі сайыста екінші орынды иеленіп, күміс медалды қоржынға салды.
Чемпионатқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 18 команда қатысқан. Жерлесіміз жалпы саны 330-дай спортшының арасынан суырылып алға шығып, ақтық бәсекеге жолдама алды. Бұл салмақта 32 спортшы сынға түсті. Нәтижесінде ол Қазақстан Республикасының күміс жүлдегері атанды. Ауыр атлетиканың алты мүмкіншілігін спорт шеберлігіне үміткер жас спортшы жұлқа және серпе көтеруде жақсы пайдалана білді.
Еділ Арқалық қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне кішкентайынан барып жүр. Төрт жылдан бері спорттың осы түрімен айналысады.
– Алғаш рет ағайынды екі баланы секцияға атасы жетектеп әкелген. Былтырғы Қазақстан чемпионатында ағасы Айбек екінші орын алды. Балалардың спортпен айналысуын ауыр атлетика жанашыры, аталары Асылбек Дауылбаевүнемі қадағалап отырады. Немерелерінің осындай жоғары дәрежеге жетуіне ол кісінің де үлкен үлесі бар, – дейді жаттықтырушысы Күнтуар Жанкишев.
Қостанай облысының бірнеше дүркін чемпионы Е.Нұрахмет өткен жылы Қазақстан чемпионатында төртінші орын иеленсе, биыл екінші орын тұғырына көтеріліп, қос сайыс қорытындысы бойынша 90 келіні бағындырды.
Арқалық қаласы