«Жігер» стадионында волейболдан ерлер арасындағы VІІ – ші ашық қалалық турнир жалауын көтерді. Жарысқа 8 команда қатысып 2 күн бойы бақтарын сынайды.
Турнирдің салтанатты ашылуында еліміздің асқақ Әнұраны ойнатылып, спортшылар туға қарап бет түзеді. Белгілі спортшы, марқұм Арысланбек Әбдіровты еске алуға арналған дәстүрлі турнирге Республика көлеміндегі және жергілікті құрама командалар қатысуда. Олардың ішінде елордамыз Астана қаласынан 2, Қостанай қаласынан 2, Ұлытау облысынан 1, Арқалық қаласынан 3 команда бар. Жергілікті командалардың қатарында Арысланбектің туған жері Екідің ауылынан «Атамекен» командасы өнер көрсетуде.

Спортшыларды қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров, қалалық «Жүрек жылуы» қоғамдық қорының төрағасы Қаратай Нұрманов, Арысланбектің әкесі Қасқырбай Әбдіров құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Жарыстың бас төрешісі Қанат Қонысбаев та сәттілік тілеп, ойын ережесімен таныстырды. Турнир иесінің туғандары атынан спортшының жаттықтырушылары мен әріптестеріне естелік сыйлықтар табысталды.

Турнир тартысты әрі қызықты өтуде. Жанкүйерлер жанына көптеп топтастырған. Қаланың құрметті азаматтары, марқұмның туыс-туғандары, жолдастары, әріптестері және спорт сүйер қауым тамаша ойын өрнегіне тәнті болуда.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
