23 июня, 2025
Арқалықта біріктірілген ауылдар арасында домбырашылар флешмобы өтіп жатыр

Арқалықта біріктірілген ауылдар арасында домбырашылар флешмобы өтіп жатыр

Қалалық Мәдениет сарайының ұйымдастыруымен бастау алған іс — шара біріктірілген ауылдар арасындағы (Фурманов, Родина, Үштөбе, Мирный, Матросов, Молодежный, Жалғызтал, Целинный, Восточный) домбырашылар флешмобы Восточный ауылында өз жалғасын тапты.

Ынтымағы жарасқан ауыл тұрғындары аталмыш іс-шараға жауапкершілікпен атсалысты. Бір мезетте 80 домбырашы 6 күй орындап халқымыздың қасиетті қазынасын көк аспанда күмбірлетті. Қалалық «Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы

Жайнар Әубәкірова мен қалалық Мәдениет сарайының директоры Зәмзәгүл Мергенова өнер иелерін мерекемен құттықтап, ауыл әкімдері мен ауыл мәдени ұйымдастырушыларына алғыстарын білдірді. Түрлі аталымдармен ауыл тұрғындарын марапаттады.

Атап айтқанда, «Ең қарт домбырашы» номинациясына Родина ауылынан Роза Жүнісова, «Ең кішкентай домбырашы» — Тұмар Әбдіқадыр (Родина ауылы), «Домбырашылар отбасы»- Молодежный ауылынан Темірбаевтар отбасы, Қаненовтер отбасы, Родина ауылынан Әбдіқадыровтар отбасы, «Егіз домбырашы» — Жания, Сәния Буллиндер (Молодежный ауылы) ие болды.

«Мерейлі мерекенің арқасында арнайы келіп, ауылды домбыра үніне бөлеп жатырмыз. Ауыл-әр қазақ баласының алтын бесігі, ұлтымыздың ұйытқысы. Ауыл түлесе-қазақ түлейді. Сөз өрнегін оймақтап, жырдан кесте тіккен ақын-жазушыларымызда, ән өрнегін айшықтаған әншілер мен күйшілерімізде, аты аңызға айналған даналарымызда сол қарапайым ауылдың қара шаңырағынан шыққан», – дейді қалалық мәдениет сарайының ауылдық клубтар жүйесінің меңгерушісі Айбол Айдарұлы.

Өзінің қоңыр үні мен қоңыр болмысына сай, ұлтымыздың жадын қайта бір жаңғыртқан іс-шара ауыл өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

                                                                                                     Арқалық қаласы