Арқалықта төтенше жағдай жарияланды

Арқалықта төтенше жағдай жарияланды

Бүгін үшінші күн қатарынан көктемгі су тасқынының төтенше жағдайларына байланысты арнайы келген Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Арқалықтағы жедел штабта облыстық департамент басшыларының, қала және аудан әкімдерінің есептерін тыңдап, апатты жағдайларды жою, қалпына келтіру, сақтық шаралары бойынша нақты тапсырмалар берді.

Арқалық қаласы бойынша су тасқынынан қауіп төнген тұрғындарды қауіпсіз жерге шығару жұмыстары жалғасуда.

“Қазір барлығы 301 адам қауіпсіз жерге шығарылды.  Бүгінгі күні еріген қар суынан туындаған қауіптің артуына орай Арқалық қаласы аймағында төтенше жағдай жарияланып отыр. Біз әрі қарай төтенше жағдай талабына сай су тасқынының алдын алу, оның салдарын жою жұмыстарын жалғастыратын боламыз», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.

Кеше Екідің ауылынан 40 адам, Әбдіғаппар хан ауылынан 10 адам тікұшақпен эвакуацияланды.

«Біз көмектесуге келдік. Сондықтан, жұмыс істеп жатқан жергілікті органдардың алаңдатпай, әрқайсыларың өз салаларың бойынша тиісті шаруаларыңызды атқарыңыздар. Атқарылып жатқан істер шұғыл, тиімді әрі анық болсын. Жағдайды нақты анықтап, шынайы бейнесін көрсетер болсақ, шешімі де тез болады. Әрқайсыңызға тапсырма берілді, соны талапқа сай орындаңыздар», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Су тасқыны төтенше жағдайларының салдарынан Амангелді, Жанкелдин аудандарында Арқалық қаласының су басқан ауылдарында электр желілері істен шыққан. Көпірлер қирап, көтерме жолдарды су шайған.

Облыс әкімі уақытты ұттырмай оларды қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуды жүктеді. Сондай-ақ, білім, денсаулық, байланыс салаларының алдыңғы кезекте жағдайды реттеуі қажеттігін тапсырды.

Қазіргі таңда Қостанай облысының әкімдігі мен «Цифрлық даму министрлігі» білім және денсаулық сақтау нысандарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін облыстың оңтүстік өңірлеріне Starlink жаҺандық спутник жабдығының 30 жиынтығын беруге келіскен. Бүгін бұл қондырғылар қажетті жерлеріне жеткізіліп, орнату жұмыстары басталады. Сондай-ақ, таяудатағы 70 жиынтығы жеткізіледі.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу