Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің М.Дулатов атындағы әдеби-мәдени бірлестігінің жанынан құрылған «Шамшырақ» театр және көркемсөз үйірмесі өздерінің «Менің мәңгілік махаббатым» атты тырнақалды алғашқы туындыларын көрермендеріне паш етті.
Қойылымның сценариін студенттердің өздері жазып, режиссеры да өздері болып, рөлдерді де өздері сомдады.
«Университетіміздің өнерге құштар жастарының талаптанып жатқан еңбегіне халық жақсы бағасын беріп жатыр. Бұған дейін де Торғай өңіріне кеңінен танымал болған «Руханият» атты театрымыз жақсы жұмыс істеген. Көрермен көңілінен шығып жатса жұмысымызды әрі қарай жалғастырамыз. Қаламыздағы облыстық театрмен де байланысымызды одан әрі жалғастырып, олардан ақыл-кеңестерімізді алып, жас талаптарымыздың қадамдары ұштала береді деп ойлаймын. Шәкірттерімнің жасап жатқан оң қадамдарына сәттілік тілеймін», – дейді М.Дулатов атындағы әдеби-мәдени бірлестігінің жетекшісі, университет профессоры Айбек Қалиев.
Қойылым желісінде жастардың арасындағы махаббат хикаялары, яғни: жастық, көктем, махаббат үстемдік құрады.
Бірлестік жетекшісі айтқандай мамыражай мамыр айында тұсауын кескен қойылым көрерменге жақсы әсер қалдырады. Шытырман оқиғалар құрылымы істің жақсысынан тәлім алып, жаманынан жиренуге үндейді.
Студент — жастардың сахнадағы өнерлерін университет ректоры Талғат Ещжанов көпшілікпен бірге тамашалады.Қойылым өнер сүйер қауымға тегін ұсынылды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы