Сенатта жаңа Салық кодексінің жобасы таныстырылды Суретті түсірген А.Байжұманов

Сенатта жаңа Салық кодексінің жобасы таныстырылды

Сенатта Салық кодексі мен соған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң таныстырылды.

Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов құжатта қамтылған негізгі жаңалықтар мен тәсілдер туралы сенаторларға жан-жақты баяндады. Ол сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді жаңғырту, процестерді цифрландыру және бизнестің әкімшілік жүктемесін азайтуға ерекше назар аударды. Реформаның басты бағыттарының бірі – салықтағы қауіптерді басқару жүйесін жаңарту болып отыр. Жаңа үлгіде салық төлеушілерді қауіп деңгейіне қарай бөлу ұғымы толығымен жойылды. Сонымен қатар, салық төлеушінің өмірлік тізбегін толық қамтитын қауіптер тізілімін құру жоспарланды.

Сонымен қатар, депутаттарға бизнес пен салық органдары арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетуге бағытталған салықтық әкімшілендірудің сервистік үлгісі ұсынылды. Атап айтқанда, банк қосымшаларына электрондық сервисті енгізу, push-хабарлама, декларацияларды автоматты түрде алдын ала толтыру, сондай-ақ өтініштер мен есептілікті «бір рет басу» арқылы тапсыру мүмкіндіктері қарастырылған.

Сондай-ақ тіркеу рәсімдерін оңайлату, салық есеп-қисабының түрлерін азайту, камералық бақылау тетіктерін өзгертуге баса назар аударылды. Енді ескертулер заң бұзылғаны туралы емес, алшақтық жайында жолданатын болады, сөйтіп оны бизнеске өз бетінше түзетуіне мүмкіндік беріледі. Министрдің орынбасары сондай-ақ салықтық тексеру жүргізу тәртібіндегі өзгерістер, салық берешегін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу шаралары, мәжбүрлі өндіріп алу шараларын қолдану шектерінің ұлғаюы, ҚҚС әкімшілендірудегі жаңалықтар, сондай-ақ көлденең мониторинг енгізу және қанат қақты жобалар жүйесін кеңейту туралы айтты.