Арқалықта құс фабрикасы кеңейіп, құрама жем зауыты салынады

Арқалықта құс фабрикасы кеңейіп, құрама жем зауыты салынады

Арқалықта жаңа іргелі жобалар іске асқалы отыр. Жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасының аясы кеңи түспек. Сондай-ақ құрама жем зауыты бой көтереді. Тек оған мемлекеттен қаржылай қолдау қажет еді. «Arkalyq Qus» серіктестігінің қос жобасы арнаулы комиссия отырысында қаралып, толық мақұлдаудан өтіп отыр.

АӨК  саласында жобаларды іріктеу комиссияның кезекті отырысы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбеновтің төрағалығымен өтті. Талқыға алынған мәселе – Арқалық қаласы Родина ауылы маңында жүзеге асыру көзделетін екі елеулі жобаның келешегі. Бастамашы – «Arkalyq Qus» ЖШС. Ішкі нарықты 19 жыл сапалы өніммен қамтып келе жатқан компания дамудың жаңа сатысына көтерілуді көздейді. Жұмыртқа өндірісін ұлғайтып, жеке құрама жем зауытын салмақ.

         «Бұл мақсаттарға 1,4 млрд теңге керек.  Оған АӨК нысандарын жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы арқылы қол жеткізгіміз келеді. Әуелі тұралап тұрған алты тауық қораны іске қосып, өндіріс қуатын 130 млн-нан 210 млн дана жұмыртқаға дейін жеткізу көзделеді. Жоба құны – 4,7 млрд теңге. Сұралып отырған сома – 774,5 млн теңге. Ал қоспа құрамажем зауыты жобасының жалпы құны 834,3 млн теңге болса, қаржыландырудың 75%-ы бюджеттік кредит есебінен жүзеге асырылады. Серіктестіктің өз қаражаты құрылғы сатып алуға жұмсалады. Зауыт сағатына он тонна құрама жем шығаруға қауқарлы болмақ. Бұл фабриканы толық қамтып отырады», – деді «Тобыл» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Мейрамхан Ержанов.

blankБүгінде бас мердігерлер де анықталып, қос тарапты келісімшарт жасалған. Ол – Ақмола облысының тәжірибелі компаниясы. Екінші деңгейлі лицензияға ие. Осы бағытта бірнеше жыл әріптес болып келеді. Ал құрылғылар Германиядан әкелінбек. Жұмыртқа өндірісі де, құрама жем зауытын да неміс компаниясы арқылы жарақтандырылмақ. Қазір жұмыс істеп тұрған құрылғы-жабдықтар да осы елдің сапалы өндірісі.blank

          «Жалпы, біз алдағы үш жылда мекиен тауық басын 1,2 млн-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан құрама жем зауыты өз-өзімізді қамтуға ықпал етеді. Өз қаржымызға зауыт құрылысын мамыр айында бастадық. Іргетасын құйып, металл конструкциясын тұрғыздық. Сұраған қаражат мақұлданса, бірден сэндвич-панель сатып аламыз. Қысқа дейін контурды жабамыз. Ақпан-наурыз айларында Германиядан құрылғылар әкеліне бастайды. Келер жазда құрама жем зауыты іске қосылмақ», – деп мәлім етті  «Arkalyq Qus» ЖШС құылтайшысы Максим Божко .

blankҚұс қоралар құрылысы да жапсарлас жүргізіліп отырады. Жоспар бойынша, келесі жылдың соңына дейін, жаңа желілер жұмысын бастап, өндіріс өркендей түспек. Жобалар құрылғыларының барлығы дерлік автоматтандырылатын болады. екі жоба аясында 85 жаңа жұмыс орнын құру нысанаға алынып отыр. Елу адам құс фабрикасына алынса, қалған 35 адам жаңа құрамажем зауытына қабылданады. Бұл штаттың толықтырылуын алдағы 2 жыл ішінде қамтамасыз ету жоспарланған.blank

         «Қазақстандық құс фабрикалары халықтың жұмыртқаға деген сұранысын толық өтеп отыр. Оның үстіне, олардың көбі өндіріс көлемін арттыра түскен. Экономика заңы бойынша, өнім неғұрлым көп болса, баға соғұрлым төмендейді. Дегенмен болашақта бағамыздың қалай болатынын дәл қазір айта алмаймын. Ең алдымен жұмыртқа бағасы құрамажемнің өзіндік құнына сай болады . Негізі, кейінгі жылдары жұмыртқа бағасы инфляция деңгейінен аса қойған жоқ. Бұл жұмыртқа тапшылығының жоқтығынан», – деді шаруа құрылтайшысы.

Серіктестік басшылығының айтуынша, Арқалық жұмыртқаларының 90%-дан астамы холдингтік компанияның дистрибуциясы арқылы Астанада сатылады. Сондықтан Арқалық өңірі елордада өзінің жұмыртқаларымен танымал деуге де болады. Ал аталған жобалар іске асса, өңір өндірісінің жолы кеңейе түсері сөзсіз.

blankСонымен, отырыс соңында қос жоба қолдау тапты. Комиссия мүшелері жұмыртқа өндірісін кеңейтуге бағытталған жобаға 774,5 млн теңге несие бөлу және құрамажем зауытының құрылысын 625,5  млн теңгемен қаржыландыру өтінішін бір ауыздан мақұлдады.