Қастерлі Тобыл-Торғай өңірі қолөнер шеберлерінің көзмайын тауысып жасаған бұйымдары халықтың назарына ұсынылды.
«Ел іші – өнер кеніші» дегендей елден шыққан шеберлердің ата-баба жолын жалғастырып, қанда бар қасиетті дамытуы қуана құптарлық іс.

Көрмеде тігіншінің қолынан шыққан төсек-орын жасаулар алыстан көз тартып мен мұндаласа, алқа, сақина, білезік сынды зергерлік бұйымдар да қызығушылық танытушыларын көптеп жанына жинады.

«Қостанайдан қазақтың этнобұйымдарын әкеліп тұрмын. Бұл жерден түпнұсқасынан ауытқымай жасалған өңірлік алқа, қапсырма, сырға — алқаларды көруге болады», –дейді Қостанай қолөнері орталығының қолөнершебері Зүбайра Кәкенқызы.
Шебердің апасы да осы жолда ұстаздық етеді. Амангелді ауданының тумалары. Ата-аналары қолөнер шеберлері болған. Әжелері тігінші, аталары ұста болып, елге етене танылған.
Майра Кәкенқызы Арқалық мектепаралық оқу өндірістік комбинатының технология пәнінің мұғалімі.
«Қолөнерге қатысты барлық салалардан сабақ беремін. Моншақтардан, жүннен бұйымдар жасаймыз. Жастарға білгенімізді үйретіп жатырмыз», – дейді ардагер ұстаз.
Сондай – ақ, көрмеде сүт өнімдерінен жасалған тағамдар, жүннен жасалған бұйымдар да көптеп кездеседі.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
