Арқалық қаласын дамытудың басым бағыттары айқындалды

Арқалық қаласын дамытудың басым бағыттары айқындалды

Арқалық қаласының мерейтойына арналған іс-шара бүгін «Жасампаз дәуірдегі жаңғырған қала» атты салтанатты жиналыстан басталды.

Мәністі мәжіліске Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, мазмұнды баяндамасымен жиын шымылдығын ашып берді.

«Арқалық — Тұран даласының төрінде орналасқан, шежіресі бай, ерлік пен бірліктің куәсі болған ерекше қала. ХХ ғасыр ортасында өндірістің алып ошағы ретінде бой көтерген бұл шаһар өңірдің экономикалық және мәдени-зерделі орталығына айналды. Қаншама қиын кезеңді бастан кешірсе де еңсесін түсірмеген қайсар қала. Сондықтан 70 жылдық белес — алдымен осы қаланың өркендеуіне тер төккен ардақты азаматтар мен еңбек майталмандарының мерейтойы!» — деп қала тарихын тарқатты Құмар Іргебайұлы.

Осыдан соң өңір басшысы Арқалық аумағында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталды.

«Бүгінде қаланың екінші демі ашылды. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Арқалықты және жалпы Торғай өңірін дамыту шаралары іске асып жатыр. 4 жыл ішінде 91 млрд теңге бөлдік. Биылдың өзінде қалаға 36 млрд теңге бағытталды. Бұл инфрақұрылымды дамытып, өмір сапасын арттыруға жұмсалды», — деді облыс басшысы.

Кешеден бері хабардар етіп жатқанымыздай, шырайлы шаһарда ақжолтай жаңалық көп. Жақын арада әуежай ашылады. Темір жол вокзалы пайдалануға берілді. Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институт университетке ұласты. Келешекте білім алушылар контингентін 5 мың студентке дейін ұлғайту жоспарда. Сондай-ақ «Жезқазған-Арқалық» және «Орталық-Батыс» автожолдарының құрылысы жүріп жатыр. Мұны да облыс әкімі егжей-тегжейлі баяндай өтті.

«Жолы бар елдің бағы бар» демекші, жол мен әуе қатынасының дамуы — бүкіл ел экономикасының серпінді өсуінің кепілі. Арқалықтың бұл тұрғыда дамуы аймақтың ғана емес, тұтас елдің логистикалық әлеуетін күшейтеді. Осы реформалар қаланы елдің экономика және көлік орталығына айналдырады деп сенемін», — деді Құмар Ақсақалов.

Кейінгі үш жылда 17 шақырым жылу беру желісі жөнделген. Нәтижесінде желілер тозығы 90-нан 50%-ке дейін төмендеген. 65 тұрғын үйдің қасбеті, 88 үйдің шатыры жаңарды. Елуден астам көше, отыз аула жөнделіп, 51 балалар және спорт алаңы салынған. Алға құрылып отырған жоспар да аз емес.

«Арқалық медицина колледжін жаңғыртуды көздейміз. Қазіргі қалпын білесіздер. Жобалық-құндық құжаты дайын. «Қамқорлық» оңалту орталығын ашамыз. «Қазақстан халқына» қоры есебінен жабдықталады. Облыс бойынша алғашқы «Келешек мектебі» осы Арқалықта ашылады. «Қазақстан» кинотеатры ғимараты спорт кешені болып қайта құрылып, спорт интернаты, күрес залы мен стадион жаңартылады», — деді өңір басшысы.

Қазір жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен хоккей кортының құрылысы жүріп жатыр. Кейінгі үш жылда қалаға 100 млрд инвестиция тартылған. Оның 70%-і — жеке инвестиция. Климаттық, географиялық және логистикалық ерекшеліктері ескеріліп, экономиканы дамытудың басым бағыты ретінде агроөнеркәсіп секторы белгіленіп отыр. Бұл салада ірі инвестжобалар іске асып, 1 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ. Сондай-ақ мал шаруашылығын өрістетудің кешенді жоспары белсенді жүзеге асып жатыр.

Жандос Жүсіпбек