Қауымдастық бөлімінің ашылуына қала әкімі Әмірхан Асанов қатысып, қаладағы іскер әйелдер қауымының елдің дамуына зор үлес қосып отырғанын атап өтті.
Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының Қостанай облысы бойынша басшысы Гүлсара Жаманқұлова қала жұртшылығын өкілдіктің ашылуымен құттықтап, ұйымның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
«Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы әйелдердің кәсіпкерлік, саясат салаларындағы мүдделерін қорғау, сонымен қатар әйелдерді жұмыспен қамту, біліктілігін арттыру, отбасы және денсаулық сынды әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатын ұдайы ұстанып келеді. «Жәрдем» жобасы – көп балалы аналарға жұмысқа орналасу және өз ісін ашу үшін еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды оқыту арқылы қолдау көрсетуге бағытталса, «Бастау» жобасы бойынша қауымдастық халықтың әлеуметтік осал топтарындағы әйелдерді еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқытады”, – деді Гүлсара Мырзабекқызы.
Жұмыссыз әйелдерді еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқыту және қайта даярлау» жобасын жүзеге асыру аясында 2 мыңнан астам әйел оқытылған. Олардың 40%-і бүгінде тұрақты жұмысқа орналасты.
Арқалық қалалық мәслихатының төрағасы Гүлбану Елтебаева кәсіпкерлік саласында нәтижелі еңбегімен танылып жүрген бірқатар қыз-келіншектерді, аналарды «Алғыс хатпен» марапаттады.
Іскер әйелдер қауымдастығының Арқалық қалалық бөлімінің басшысы болып Базаркүл Сыздықова, атқарушы директоры болып Ләззат Досжанова, «Жастар қанаты» бөлім басшысы болып Эльмира Ахметова сайланды. Сондай-ақ, жас кәсіпкер Раушан Жарылқасынованың еңбегі атап өтілді.
Қауымдастық мүшелігіне өткен 15 кәсіпкер әйелге куәлік табыс етілді.
Бұл ұйым – 1995 жылы қызмет саласы мен әлеуметтік бағытына қарамастан, жұмыскер әйелдердің мәртебесі мен имиджін көтеру мақсатында құрылған. Қазіргі таңда елімізде 21 филиалы жұмыс істейді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы