Арқалықта  қала әкімінің шыршасы өткізілді

Арқалықта  қала әкімінің шыршасы өткізілді

«Жас-Ұлан» жасөспірімдер орталығында өткен ғажайып ертегілер әлеміне қала және қалаға қарасты ауылдық мекендерден аз қамтылған, көп балалы отбасылар, жетім және қамқоршысынан айрылған балалар, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балалар қатысты.

Жас балғындарды Жаңа жыл мерекесімен қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтап, жылы лебізін білдірді. Балалар Аяз Ата, Ақшақармен бірге ән салып, би билеп, ертегілік түрлі кейіпкерлермен біргекөңілді думанның көрігін қыздырды.

Мерекеге орай қалалық «Жүрек жылуы – 2121» қоғамдық қайырымдылық қоры балаларға тәттіге толы мәзірлі дастархан жайып, жалпыға міндетті оқу қорынан жұмсақ ойыншықтар тарту етілді.

“Елімізде жас ұрпақтың білімді, тәрбиелі болып өсуі үшін барлық жағдай жасалуда. Мәселен, биыл Арқалық өңірінде білім беру саласын дамытуға 8 млрд теңгеден астам қаражат тиесілі болды. Бұл қаржыға мектептерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Биология кабинеттері, STEM зертханасы, музыкалық аспаптар, жиһаз және компьютерлер көптеп сатып алынды. 2023 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мемлекеттік тілде оқытатын 300 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстарын жергілікті мердігер «Алюминқұрылыс» ЖШС жүргізуде. Жоспарға сай жайлы мектеп жобасы 2024 жылы пайдалануға берілмек”, – деді Әмірхан Асанов.

Орайы келгенде,қалалық білім бөлімінің әдіскері Сәуле Айтмағамбетова бөліскендей таяуда облыс орталығы Қостанай қаласында өткен Президент шыршасына Арқалық қаласынан осындай санаттағы 15 бала қатысып, мемлекет басшысының атынан арнайы сыйлық, смартфон және құттықтау хатқа ие болып келгенін де айта кетейік.

Мұрат ЖҮІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу