Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда іс-қимылдарды үйлестіру бойынша қоғамдық штаб құрылды.
Қоғамдық штабтың Арқалық қаласына қарасты өңірлік штабына Қостанай облыстық мәслихатының төрағасы Сайлаубек Ещанов жетекшілік жасайды.
Өңірлік штабтың алғашқы отырысын қала әкімі Әмірхан Асанов ашып, штаб мүшелерімен таныстырды. Штаб мүшелерінің қатарында: Қостанай облыстық мәслихатының депутаттары Абыл Ерденов, Ғайния Есенова, Ербол Ипбергенов, Арқалық қалалық мәслихатының төрағасы Гүлбану Елтебаева, «Алюминстрой» ЖШС директоры Абай Мұқанов, «Нұрай – Н» ЖШС директоры Бақытжан Тілеубаев, «BEST kz» білім және туризм орталығының директоры Гүлмира Қапенова, Кәсіпкерлер палатасы Арқалық қалалық филиалының директоры Қуаныш Латыпов, «Марал ищан мешітінің бас имамы Бектұрсын Уәлиев, «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінің бас имамы Нұрхан қажы Бақтыбай, айтыскер ақын Айбек Қалиев тәрізді елге белгілі азаматтар бар.
Жиын барысында штаб жетекшісі өзінің орынбасарын сайлап, мүшелер құрамын әлде де кеңейтуді ұсынды. Соған сай аталған қызметті қалалық мәслихаттың төрағасы Гүлбану Төкенқызы атқаратын болды.
«Арқалыққа іссапармен келдім. Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек туралы қоғамдық шұғыл штаб құрып, бүгін мінеки бірінші жиынды өткізіп, ертең елдімекендерге барып, халықпен кездесіп, үкіметтің, мемлекеттің, биліктің көрсетіп жатқан бүкіл көмектерін түсіндіріп айтып, сол елге көмектесу үшін келіп отырмыз. Телефондарымыз тәулік бойы жұмыс істейді. Қандай да бір мәселелер туындап жатса біз ақылдасып шешеміз», – дейді өңірлік штаб жетекшісі, Қостанай облыстық мәслихатының төрағасы Сайлаубек Ещанов.
Өңірлік штаб жетекшісі жиыннан соң қалалық мешіт асханасынан ашылған гуманитарлық көмек таратылатын жедел штаб жұмысымен танысты.
Еске сала кетсек, қоғамдық штаб облыс әкімінің тапсырмасы бойынша құрылған болатын.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы