Бүгін таңнан ертелетіп қаладағы «Қайрат» спорт кешенінде сайыстың жеңіл салмақтар арасындағы жарыстары басталып кетті.
Сайыс 8 салмақ дәрежесі бойынша өтуде. Жеңіс мәреге таяғанша балуандар осы жерде үздіксіз белдесетін болады.

«Қостанай қыраны» түйе балуан жарысы кешкі салқынмен орталық «Наурыз» алаңында арнайы көтерілген орында көптің тамашалауымен өтеді деп жоспарланған.
«Ақтық белдесулер, жекелей белдесулерді сол жерде жалғастырамыз. Жарысымызға Қостанай облысының барлық өңірлерінен спортшылар келіп қатысып жатыр. Биылғы «Қазақстан барысы» жобасына іріктеу жарысымыз Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойына арналып өткізіліп отырғанын да айта кеткіміз келеді. Бүгін «Түйе балуанды» анықтайтын боламыз. Сонымен қатар, жеңіл салмақтағы балуандарымыз да құр қол қалмасын деп Қостанай облыстық спорт басқармасы мен Арқалық қалалық спорт бөлімінің бірігуімен жарысты ұйымдастырып жатқан жайымыз бар», – дейді «Қостанай қыраны» іріктеу жарысының бас төрешісі, жоғары ұлттық дәрежедегі төреші Азамат Қабденұлы.
Сайыстың барлық салтанатты рәсімдері орталық «Наурыз» алаңында өтеді деп күтілуде.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
